ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорданың «Қайсар» командасы украиналық қорғаушы Ризван Аблитаровпен келісімшартқа отырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Р.Аблитаров 1989 жылдың 18 сәуірінде дүниеге келген. Бүгінгі күнге дейін Украинаның «Севастополь», «Буковина», «Титан», «Оболонь-Бровар», «Черноморец» (Одесса), Латвияның «Даугава» (Даугавпилс) командаларында ойнаған. 2017 жылдан бері қазақстандық «Атырау» клубының сапында 34 ойын көрсетіп, қарсыластар қақпасына 2 гол соқты.
Бұдан бұрын «Қайсар» басшылығы қорғаушылар - Елдос Ахметов және Бағдат Қайыров, грузиялық шабуылшы Элгуджа Лобжанидзе, кабо-верделік жартылай қорғаушы Алвин Фортеспен келісімшартқа отырған болатын.
Айта кетейік, «Қайсар» 3-27 қаңтар аралығында Түркияның Анталия қаласында алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Қазір командада қазақстандық футболшылармен бірге Ресейден Алексей Шумских, Украинадан Ризван Аблитаров, Мозамбиктен Режиналдо Файфе сынақтан өтуде.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.