Украиналық маман «АрселорМитталТеміртау» АҚ персонал бойынша қызметін басқарады
14:29, 11 Қазан 2016
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның персонал бойынша директоры ауысты, бұл лауазымға украиналық маман Анна Адом тағайындалды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2016 жылдың 3 қазанынан бастап «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның персонал бойынша директоры лауазымына Анна Адом тағайындалды. Ол персонал қызметі жұмысына, корпоративтік коммуникациялар және қоғаммен байланыс бөліміне, үкіметпен байланыс бөліміне және әлеуметтік мәселелер жөніндегі басқармаға жауап береді. Персонал бойынша директор тікелей бас директорға бағынады», - делінген хабарламада.
Бұл тағайындауға дейін А.Адом «АрселорМиттал Кривой Рог» Жариялы акционерлік қоғамының персонал бойынша қызметінде процестерді оңтайландыру жөніндегі департамент директорының орынбасары болып еңбек еткен. Оның тәжірибесі өте мол және есімі ТМД елдерінде жақсы таныс. 2015 жылы А. Адом «Үздік HR-директорлар» рейтингінде 12-орынға тұрақтады.