Украинаның энергетика министрі шабуылшыларды террористер деп атады

КИЕВ. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - Кеше Киев уақыты бойынша таңғы сағат 10:15-те Украинаның энергетика және көмір өнеркәсібінің министрлігі шерушілердің шабуылына тап болды. Бұл туралы ҚазАқпараттың Украинадағы меншікті тілшісі хабарлады.

Крещатик көшесінің бойында орналасқан ғимаратқа қаруланған жүз "майдангер" басып кіріп, ғимараттың бес қабатын түгелдей және ғимараттың жертөлесін басып алған. Сала министрі Эдуард Ставицкийдің мәліметіне сай, шерушілердің басшысы Данилюкпен "ер адамша" сөйлескеннен кейін ғимараттағы бүлік тоқтаған. Министр мұндай стратегиялық нысанға шабуыл - елдің энергетика саласына өте қауіпті екенін түсіндіре білген. Сағат 12:30-да министр журналистердің қатысуымен селекторлық кеңес өткізіп, БАҚ құралдарының сұрағына жауап берді. Ставицкийдің айтуынша, «нысанға осылайша баса-көктеп кіру террорлық әрекет болып есептеледі». «Қазір министрліктегі жағдай тұрақталды. Сабыр сақтауларыңызды сұраймын, қалыпты жұмысты жалғастыру керек. Өйткені энергетикалық жүйе - ол тек елдегі қуат көздерінің ғана емес, елдің де қауіпсіздігі», - деді министр.

Дей тұрғанмен, қазіргі кезде нысан шерушілердің қолына өткен. Ғимарат ішінде министрлік, сыртында майданшылар тұр. Атап өту керек, майданшылар агроөнеркәсіп министрлігін жаулап алды. Желтоқсанның басында майданшылардың меншігіне қалалық әкімшілік пен кәсіподақ үйі өтті.