Украинаның КО мен БЭК елдерімен экономикалық ықпалдастығы Қазақстанның жалпы ішкі өнімін 3,5 пайызға ұлғайтуы мүмкін

АЛМАТЫ. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Еуразия даму банкі мен оның серіктес институттары Украинаның Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік елдерімен ықпалдастығының әсерін бағалауға арналған зерттеу қорытындысын жариялады.

Оны халықаралық қаржы институтының  басшылары бүгін Мәскеу-Алматы-Киев-Минск арасындағы телекөпірде мәлімдеді.

"Зерттеуге 20 маман, 5 ғылыми зертхана, 2 академик және 8 ғылым докторы қатысты. Олар жарты жыл бойы жұмыс жасап, нәтижесі өте қызықты болды", - дейді Еуразия даму банкі Ықпалдастықты зерттеу орталығының директоры Евгений Винокуров.

Оның айтуынша,  Кеден одағының 2001-2030 жылдары жалпы ішкі өнімге әсері Қазақстанда 3,4 пайызды, Беларусте - 15 және Ресейде - 1,9 пайызды құрамақ. Ықпалдастық байланыстарды дамытудың әсері 909 миллиард долларға бағалануда. Оның 632 миллиард үлесі Ресей, 170 миллиарды Беларус, 106 миллиарды Қазақстан еншісінде. Украина Бірыңғай экономикалық кеңістікке қосылса елдің жалпы ішкі өнімі  шамамен 1,5 есе ұлғаяды.  Ал Еуроодақпен Еркін сауда аймағын құрса, сауда айналымы 2,5 пайыз қысқарып,  жалпы ішкі өнімінің 1,5 пайызын жоғалтуы мүмкін. Сондай-ақ, Бірыңғай экономикалық кеңістік елдеріне Украинаның қосылуының экономикалық әсері 2011-2030 жылдары жалпы ішкі өнімде Беларусте 14 пайыз, Украинада 6,5 пайыз, Қазақстанда 3,5 пайыз, Ресейде 2 пайызды құрамақ.