Украинаның Жоғарғы радасы Януковичтің отставкаға кетуіне дауыс беріп, президенттік сайлау өтетін күнді белгіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Киевте Жоғарғы рада «Украина президенті Виктор Януковичтің конституциялық өкілеттілігін орындаудан шеттетілуі туралы» қаулыны қабылдады. Кезектен тыс президент сайлауы 25 мамыр күні өткізлетін болды, деп хабарлайды РБК.

Януковичті президент тағынан кетіруге 328 адам қолдап дауыс берген. Қаулы жобасын парламентке оппозиция көшбасшылары Виталий Кличко, Арсений Яценюк пен Олег Тягнибок тапсырған. Рада спикерлері бұл шешімді бүкіл Украина халқы қолдайды деп мәлім етті. Дауыс беру аяқталған соң депутаттардың бәрі бірге мемлекеттік әнұранды шырқады.

Естеріңізге сала кетейік, Виктор Янукович бүгін берген сұхбатында отставкаға кетпейтіні туралы мәлімдеген еді. Ол онда оппозиционерлерді қарақшылар деп атап, Рада қабылдаған барлық шешімдерді заңға қайшы санайтынын мәлімдеген. Қазір ел басшысы Харьковте.

Президентті тағынан тайдыру туралы шешімді бірауыздан қабылдаған соң Рада депутаттары күш құрылымдарына өз өкілдерін сайлады. Парламенттен қарулы күштер саласына уәкілетті өкіл ретінде Бас штабтың бұрынғы басшысы Владимир Замана, бас прокуратураның бақылаушысы болып Олег Махницкий, қауіпсіздік қызметіне УДАР партиясының депутаты Валентин Наливайченко тартылды.

Айта кетейік, Харьковте өткен съезде резолюция қабылданды, оған сәйкес елде конституциялық тәртіп пен орнықты билік орнағанша елді билеу өкілеттілігі жергілікті өзін-өзі басқару органдарына берілмек.