Кәрі құрлықтың еншісіне 13 жолдама тигені мәлім, соның тоғызын иеленген командалар келер жылғы жазды тағатсыздана күтіп отырса, қалған төрт жолдама үшін тартыс бүгін түнде басталды.
Өз іріктеу топтарында екінші орын алған сегіз құрама плей-офф форматында кім мықтыны анықтауда. Жанкүйерлер көптен күткен матчта Португалияда әлемнің жарық жұлдызы Криштиану Роналду бастаған жергілікті ұжым Златан Ибрагимович пен Швеция командасын қабылдады. Бұл матчта алаң иелері 1:0 есебімен басым түсіп, Оңтүстік Америкада өтетін Мундиальға бір табан жақындай түсті. Ойын тағдырын шешкен жалғыз доптың авторы - Криштиану Роналду.
Бұл кештегі басты сенсация Киевте тіркелді. Украина құрамасы Зозуля мен Ярмоленко соққан қос доптың арқасында азулы қарсылас Францияны жерге қаратты. Енді төрт күннен кейін Франк Рибери бастаған француздар Парижде есе қайтарып көреді. Ол үшін Зиданның отандастарына үш доп айырмасымен ұту қажет.
2004 жылғы Еуропа чемпиондары Грекия құрамасы өз алаңында Румынияны 3:1 есебімен тізе бүктірсе, Исландия мен Хорватия бір-бірінің қақпаларына доп соға алмай тарқасты - 0:0.
Айта кетейік, қарымта кездесулер 19 қараша күні өтеді.
04:04, 16 Қараша 2013
Украиндардың ерлігі немесе француздар Әлем чемпионатынан тыс қалды ма? - ӘЧ-2014
АСТАНА. 16 қараша. ҚазАқпарат - 2014 жылы Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатына Еуропадан соңғы жолдамалар сарапқа салынуда.