Сұхбат барысында арна тілшісі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы жөнінде сұраған болатын. «Сіз Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын құруға бастамашылардың бірі болдыңыз. Ұйымның 25 жыл бұрынғы рөлі түсінікті. Ал оның бүгінгі мәні неде?», - деді тілші.
Өз кезегінде Елбасы ҰҚШҰ Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт аясында құрылғанына тоқталып, оның «қырғи қабақ соғыс» кезеңіндегі Варшава келісімі, НАТО және тағы да басқаларға қарсы ұйым ретінде құрылмағанын немесе идеологиялық текетіреспен еш байланысы жоқ екенін жеткізді.
«Біз ондай пиғылдан алыс болдық. Мемлекеттер өз алдына дамып, тәуелсіздіктерін нығайтуы қажет еді, аумақтық тұтастықтан айырылмауы маңызды болатын. Сондықтан осы бағытта біз КСРО ыдырағаннан кейінгі хаосты ұжым болып ұстап тұруға тырыстық. Мен бұндай құрылымға бастамашы болғандардың бірімін. Кім қатысқысы келді - қатысты, қатыспайтындар тысқары қалды. Жалпы алғанда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы оның қатысушыларына тиімді. Біріншіден, бұл ҰҚШҰ мүшелерінің бейбіт дамуына мүмкіндік берген қалқан болды. Біз біртіндеп барлық мемлекеттер үшін әуедегі қауіпсіздікті қалыптастырдық. Ұжымдық қауіпсіздік күштерін оқыту үшін ортақ ұжымдық күштер жасақталды. Олар бүгінгі терроризм, есірткі трафигі, миграция, ішкі тұрақсыздық, мемлекеттің ішкі ісіне сырттан араласушылық секілді қатерлерге қарсы тұратын болады», - деді Н. Назарбаев.
Елбасы осы уақыт аралығында Ұйымда үлкен өзгерістер орын алғанын жеткізді. «Біз 2025 жыға дейінгі стратегияны дайындадық. Яғни, іс-қимылдар жоспары он жыл ілгері жасалды. Бұл ҰҚШҰ үшін үлкен жетістік. Мен осы ұйымға қатысушы барлық мүше-мемлекеттер оның біз үшін қажет екенін түсінеді деп есептеймін», - деді Елбасы.