ҰҚШҰ елдері аймақтағы әскери-саяси жағдайға байланысты пікір алмасады

Минскіде ҰҚШҰ-ға мүше елдер аймақтағы әскери-саяси жағдайға байланысты пікір алмасады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: ҰҚШҰ ресми сайты

«22 қарашада Минск қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесінің және Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысы өтеді. Аталған іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетов және Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қатысады. Отырыс барысында ҰҚШҰ-ның Ұжымдық қауіпсіздік аймақтарындағы әскери-саяси жағдай және сессияаралық кезеңдегі ұйым қызметі туралы пікір алмасу жоспарланған», - деді Айбек Смадияров министрліктен өткен апталық брифингте.

Оның атап өтуінше, отырысқа қатысушылар ұжымдық қауіпсіздік жүйесін дамытудың түрлі мәселесі бойынша шешім қабылдайды және бірқатар саяси мәлімдемелер жасайды.

Сондай-ақ Минск қаласында жоспарланған Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы барысында Мемлекет басшыларының қарауына шығарылатын құжаттардың жобаларын мақұлдайды деп күтіліп отыр. 

«2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ұйымға төрағалық Қазақстан Республикасына өтеді. Сондықтан Минскіде өтетін бірлескен отырыста М.Нұртілеу келесі жылы осы ұйымдағы Қазақстан қызметінің басым бағыттарымен таныстырады. Басымдықтарды қалыптастыру кезінде қазақ тарапы ҰҚШҰ қызметіндегі сабақтастықты сақтаудың маңыздылығына негізделеді. Әріптестерге мүше мемлекеттер үшін неғұрлым өзекті және талап етілетін ҰҚШҰ жұмысының жарғылық бағыттарына шоғырлану ұсынылатын болады. Жалпы, Қазақстанның басымдықтарын ҰҚШҰ саммитінде Мемлекет басшысы ресми түрде ұсынады», - деді СІМ өкілі.