ҰҚШҰ қорғаныс министрлерінің келесі отырысы күзде Астанада өтеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстанның Қорғаныс министрі Ұйымға мүше мемлекеттердің әскери саясат, әскери даму және әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы өзара іс-қимылын үйлестіру мәселелері бойынша Ұйымның консультативтік-атқару органы жұмысының қорытындысын жариялады.

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Руслан Жақсылықовтың айтуынша, тараптар бірлескен шараларды әзірлеу мақсатында әскери-саяси жағдайды және оның даму тенденцияларын бақылау нәтижелері бойынша тұрақты ақпарат алмасуды жалғастыру туралы шешім қабылдады.

«Отырыс қорытындысы бойынша оқу-жаттығуларды дайындау мен өткізуге, ұжымдық күштерді жарақтандыруға, Біріккен штабтың қызметіне, 2025 жылы бірлескен дайындық іс-шараларына және оларды қаржыландыру мәселелеріне қатысты бірқатар құжаттарға қол қойылды», – деп түйіндеді ол.

Қорғаныс министрлері кеңесінің келесі отырысы осы жылдың қараша айында Астанада

Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің сессиясы қарсаңында өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, іс-шара Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық етуі аясында өтті.

Бұған дейін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік аймақтарындағы әскери қауіпсіздікке қатысты сын-тегеуріндер мен қауіп-қатер туралы ұйымның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов баяндама жасағаны туралы жазған едік.