ҰҚШҰ Қырғызстандағы оқиғаларға байланысты гуманитарлық көмек көрсету жөнінде халықаралық ұйымдармен келіссөздер жүргізуде

None
МӘСКЕУ. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Халықаралық көші-қон ұйымымен және Халықаралық Қызыл Крест комитетімен Қырғызстанның оңтүстігіндегі халыққа және Өзбекстандағы босқындарға гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі бірлескен шаралар туралы келіссөздер жүргізуде.

Бұл туралы бүгін Мәскеуде Қырғыз Республикасының қауіпсіздік кеңесі хатшысы Алик Орозовпен және ҚР сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Руслан Қазақбаевпен кездесу барысында ұйымның бас хатшысы Николай Бордюжа хабардар етті.

ҰҚШҰ хатшылығының баспасөз қызметінен хабарлағанындай, кездесу барысында тараптар Қырғызстандағы ағымдағы жағдайды талқылады және республиканың оңтүстігіндегі жағдай күрделі және шиеленісті күйінде қалып отыр деген ортақ пікірге келді. Оның ушығып кету мүмкіндігі бар, дегенмен жүгенсіздік пен қақтығыстар азайды. Күш-қуат құрылымдары бірте-бірте жағдайды бақылауға алып келеді. Бұған соның ішінде көрші Өзбекстан өкімет орындарының ойластырылған салиқалы саясаты да жәрдемдесуде. «Бірақ та жағдайдың толық түзеліп кетуіне әлі ерте», - деп атап өтті Н.Бордюжа.

Сондай-ақ ҰҚШҰ бас хатшысы қырғыз тарабын бүгінгі таңда Халықаралық көші-қон ұйымымен және Халықаралық Қызыл крест комитетімен Қырғызстанның оңтүстігіндегі халыққа және Өзбекстандағы босқындарға гуманитарлық көмек беру жөніндегі бірлескен шаралар туралы келіссөздер жүргізіліп жатқанынан хабардар етті.

А.Орозов ҰҚШҰ бас хатшысына қырғыз тарапының қосымша мұқтаждары туралы ақпарат берді.