ҰҚШҰ-ның келесі саммиті 2026 жылы Ресейде өтеді

Фото: Ақорда

АСТАНА.KAZINFORM - ҰҚШҰ кеңесінің келесі кезекті сессиясы 2026 жылдың төртінші тоқсанында Ресей Федерациясында өтеді, деп хабарлайды Kazinform  меншікті тілшісі.

- ҰҚШҰ төрағалығы 2026 жылдың 1 қаңтарында Ресейге өтетінін ескере отырып, ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің келесі отырысын 2026 жылдың 11 қарашасында Ресей Федерациясында өткізу ұсынылып отыр. Қарсылықтар болмаса, бұл мәселені келісілген деп санап, мен қол қойған тиісті хаттамалық шешіммен рәсімдеуді ұсынамын, - деді Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ҰҚШҰ-ның кеңейтілген сессиясында.

Бұған дейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров аймақтық және жаһандық қауіпсіздіктің негізгі аспектілері бойынша ашық пікір алмасу болған шектеулі қатысушы отырыстың нәтижелерін қысқаша қорытындылаған болатын.

2026 жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтің орнына Қырғызстан өкілі Таалатбек Масадыков келеді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысына қатысты.