ҰҚШҰ-ның сыртында болғанша ішінде болған әрдайым жақсы - Қайрат Омаров

Фото: Фото: ҰҚШҰ ресми сайты

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Беларусь астанасындағы жиынында Қазақстан ұйымнан шығу туралы бастама көтере ме? Мәжілістің жалпы отырысында БАҚ өкілдері Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаровқа осындай сұрақ қойды, деп хабарлайды Kazinform.

«Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ешбірінен мүшелігін тоқтату туралы өтінім түскен жоқ. Сондықтан ҰҚШҰ құрамынан қандай бір өзгеріс күтіп отырған жоқпыз. Мұндай ұйымның сыртында болғанша ішінде болған әрдайым жақсы», - деді Қайрат Омаров.

Министрдің бірінші орынбасары Қазақстанның да ондай жоспары жоқ екенін айтты.

«Ондай жоспарымыз мүлдем жоқ. Бұл ұйымның бастауында өзіміз тұрмыз. Ол ұйым біздің мүддемізге жұмыс істеп тұр деп есептейміз. Өйткені ондағы шешімдердің бәрі ымыра негізінде қабылданады. Яғни, ұйымға мүше мемлекеттің ешбіріне қандай да бір шешім күштеп таңылмайды. Сондықтан ұйым біздің мүддемізге сай, мүше мемлекеттердің әріптестігіне байланысты кез келген мәселені талқылауға мүмкіндік беріп отыр деп есептейміз», - деді ол.