ҰҚШҰ-ның әскери құрылымдары Ұйымның ұжымдық күштеріне біріктірілді

МӘСКЕУ. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының аясында бірлескен әскер - ҰҚШҰ-ның Ұжымдық күштері құрылды.

Бұл туралы ҰҚШҰ-ның Ұжымдық қауіпсіздік Кеңесінің сессиясында ҰҚШҰ-ның бас хатшысы Николай Бордюжа мәлімдеді.

«ҰҚК-не мүше мемлекеттер басшыларының шешімі бойынша, ҰҚШҰ аясында ҰҚШҰ-ның Ұжымдық күштері құрылды. Оның құрамына Ұжымдық жедел әрекет ету күштері, бітімгерлік әскер, екіжақты топтар, жедел қанат жаю күштері сияқты бұған дейін болған құрылымдар біріктіріледі. Бұл әскерге ұжымдық әуе күштері құрамы мен арнайы операция күштері кіреді», - деді Н.Бордюжа.

«Бүгінгі президенттердің төтенше жағдайларға ұжымдық әрекет ету жүйесін құру шешімін қабылдағаны маңызды. Екіжақты топтар, гуманитарлық орталықтар, бірыңғай ақпараттық кеңістік құрылады. Сондай-ақ қауіпсіздіктің ғаламдық және күрделі проблемалары бойынша бірыңғай позициямен шығу үшін мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың уәкілетті өкілдерінің ұжымдық тапсырмаларын өзектендіру мәселесі қарастырылуда», - деді ол.

«Соңғысы - Ауғанстандағы жағдай қаралды. Президенттер ұсынған бұл елден шығуы ықтимал қауіптерді азайту туралы шаралар кешені бойынша шешім қабылданды», - деді ҰҚШҰ-ның бас хатшысы.

Ол сондай-ақ бүгінгі сессия - Ұжымдық қауіпсіздік Кеңесінің ең табысты сессияларының бірі екенін, өз қызметінің бірқатар бағыттары бойынша елеулі серпін бергенін атап өтті.