ҰҚШҰ-ның қуатты әлеуетін одан ары нығайту маңызды – ҚР Президенті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҰҚШҰ-ның қуатты әлеуетін одан ары нығайту маңызды. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан бетпе-бет келген қатер Ұжымдық қауіпсіздіктің барлық кеңістігі үшін ортақ саналады. Сондықтан бізге ҰҚШҰ-ның қуатты әлеуетін одан ары нығайту маңызды және Қазақстан бұл іске өз үлесін қосады», - деді Мемлекет басшысы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясында.

ҚР Президенті дағдарысты жағдайда ҰҚШҰ шешім шығаруға қатысты әрекет ету мерзімін оңтайландыру қажеттігін атап өтті.

«Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің және өзге де органдардың мақұлдау шешімдерін әзірлеу және қабылдау мәселесінде жеделдікті арттыруға тиіспіз. Сонымен қатар ҰҚШҰ-ның бітімгершілік күштерін пайдалану туралы шешімге барынша саяси қолдауды, әсіресе БҰҰ жіне өзге де беделді халықаралық ұйымдар, жетекші әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары, түрлі елдердің сараптамалық орталықтары тарабынан қолдауды қамтамасыз ету маңызды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтті. Жиын Қазақстан тарапының бастамасымен шақырылды.

Еске салайық , ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ мүше елдердің басшыларынан ел аумағындағы террористік қауіпті еңсеру үшін Қазақстанға көмек көрсетуді сұраған болатын.