«Жаңа ғана отырысқа қатысушылар шағын құраммен халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері туралы жан-жақты пікір алмасты. Биыл Қазақстанның төрағалығымен ҰҚШҰ қызметінің негізгі қорытындылары талқыланды. Кездесу қорытындысы біздің ұжымдық қауіпсіздікке төнуі мүмкін сын-тәуекелдер мен қауіп-қатердің алдын алу үшін бірлесіп әрекет етуге дайын екендігімізді тағы да растады», - деді Президент Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамындағы отырысында.
Мемлекет басшысының айтуынша, кеңес мүшелері талқылау кезінде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарды пысықтаған.
«Біздің қазіргі ахуалды жалпы бағалауымыз және ҰҚШҰ-ның одан әрі дамуы туралы пайымымыз Қазақстанның бастамасы бойынша әзірленген Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің декларациясында көрсетілген», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бүгінгі басқосуда екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуын атап өту мәселесіне ерекше назар аударылғанын айтты.