«Бүгінде ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған тиімді және сұранысқа ие халықаралық құрылым ретінде әрекет етеді. Оның даму жылдары ішінде мүше мемлекеттер кең ауқымды мәселелер бойынша өзара іс-қимылдың бай тәжірибесін жинақтады. Ауқымды нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды. Қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіппен күресудің қажетті тетіктері жолға қойылған. Ұжымдық қауіпсіздік күштері мен құралдары құрылды және жұмыс істейді», - деді Президент.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, бірқатар беделді, халықаралық және өңірлік ұйымдармен сындарлы ынтымақтастық орнатылды.
«2022 жылы ҰҚШҰ аясында біз ТМД-мен және ШЫҰ-мен ынтымақтастықты нығайту туралы шешім қабылдадық. Қалыптасқан игі дәстүр рухында бүгінгі отырысқа осы халықаралық ұйымдардың басшылары қатысып отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.