Іс-шараға Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев, Сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев және Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның Қазақстандағы елшілері қатысты.
Жиында ҰҚШҰ құрылған кезеңінен бастап Ұйым қызметінің негізгі нәтижелері туралы тыңғылықты пікір алмасылды. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әскери ынтымақтастық және жаңа қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл саласындағы өзара әрекеті серпінді дамып келе жатқаны аталып өтті. Ұйым шеңберінде құрылған практикалық ынтымақтастық механизмдері халықаралық терроризм, есірткі тасымалы және заңсыз көші-қон секілді қазіргі заманның қатерлеріне қарсы бірлесе отырып, іс-қимыл етуге мүмкіндік беретіндігі айтылды. Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қылмыстармен күрес бойынша мүмкіншіліктер ұлғаюда. ҰҚШҰ-ның БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ және басқа халықаралық құрылымдармен өзара іс-қимылы орнатылды.
Жалпы алғанда, кеңеске қатысушылар Ұйымның халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде рөлін жоғары бағалап, оның одан әрі дамуына белсенді қолғабыс етуге ниеттерін білдірді.