Бұл туралы мамандар Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында мәлімдеді.
Айнагүл Қуатбайқызы кейінгі жылдары АПВ мен көптеген қатерлі ісік түрінің арасындағы байланыс ғылыми түрде дәлелденгенін айтады.
– АПВ ер адамдарда да бірқатар онкологиялық аурудың дамуына себеп болып отыр. Оның ішінде анус немесе тік ішектің обыры, ер азаматтардағы жыныс мүшесінің обыры, ауыз қуысы мен жұтқыншақ обыры бар. Әрине, мұның барлығы ерлерде де, әйелдерде де болуы мүмкін. Әсіресе бір отбасыдағы адамдардың арасында тұрмыстық қатынас арқылы бұл вирустың теріден теріге тікелей жұғу мүмкіндігі бар. Тері мен сілекей қабаты арқылы, жалпы тұрмыстық қатынас арқылы жұғу жолы жыныстық қатынас кезіндегі берілу жолынан бірнеше есе басым болып отыр. Әрі әртүрлі гигиеналық процедуралар арқылы вирусты дененің бір жерінен екінші жеріне жұқтыру ықтималдығы да жоғары, - деді «СЭС және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының директоры.
Спикердің айтуынша, ұл балаларды вакцинациялау вирустың таралуын азайтып, ұжымдық иммунитет қалыптастыруға көмектеседі.
– Адамдардың иммунитеті осы вирусқа қаншалықты төтеп бере алса, қоршаған ортамыздағы бұл вирустың циркуляциясы да төмендейді. Соған байланысты 15 жылдан бері пайдаланып келе жатқан бұл вакциналардың тиімділігі көптеген мемлекетте жүргізілген ғылыми жұмыстар арқылы өте жоғары деңгейде дәлелденіп отыр. Яғни бұл бізде көптеген обыр түрін жеңуге мүмкіндік бар деген сөз. Біз обыр түрлерін айтқанда жатыр мойны обырына шалдыққан әйелдерді ғана айтамыз. Ал басқа обыр түрлерін, өкінішке қарай, екінші орынға қойып келеміз, - деді Айнагүл Қуатбайқызы.
Ол халықаралық тәжірибе де бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігін көрсеткенін атап өтті.
– Біз көптеген халықаралық тәжірибеге сүйендік. Оның ішінде Аустралия, Англия, Канада, АҚШ сияқты елдерде бұл вакцина бірнеше жылдан бері жоғары нәтиже көрсетіп, өзге мемлекеттерге де енгізілуіне негіз болды. Бүгінгі таңда 80-нен астам елде ұл балалар папиллома вирусына қарсы ұлттық бағдарлама аясында вакцинациямен қамтылған, - деді маман.
Сондай-ақ ол Қазақстандағы вакцинация нәтижесіне тоқталды.
– Өздеріңіз білетіндей, біз 11–13 жастағы қыз балаларға екпе егеміз. Вакцинация басталғалы бері 250 мыңнан астам қыз бала бірінші дозасын алды, ал 150 мыңнан астам қыз бала екінші дозасын алып жатыр. Оған қоса биылдан бастап 14-17 жастағы қыздар арасында да бұл вакцинация кеңейтілді, - деді ол.
Ал педиатр Айжан Бақытбекқызы ұл балаларды вакцинациялау туралы шешімнің негізгі себебі АПВ-ның ер адамдар денсаулығына да айтарлықтай қауіп төндіруімен байланысты екенін айтты.
– Өздеріңіз білетіндей, бізде 2024 жылдан бері қыз балаларды адам папилломасы вирусынан қорғау үшін вакцинациялау ұлттық күнтізбеге енгізілген. Енді 2028 жылдан бастап ұл балаларға да егу туралы шешім қабылданды. Себебі біз адам папилломасы вирусының салдарынан қорқамыз. Санамызда бұл вирус тек қыз балаларда жатыр мойны обырына алып келеді деген түсінік қалыптасқан. Алайда оның зияны бұл ғана емес. Зерттеулерге сүйенсек, бұл вирус ұл балаларда да аса қатерлі ісіктерге алып келуі мүмкін, - деді дәрігер.
Оның айтуынша, АПВ-мен байланысты ең кең таралған аурулардың бірі – көмей мен тамақ обыры.
– Ол адам папилломасы вирусының 16 және 18 типтерімен шақырылады. Одан бөлек, жыныс мүшелерінің обырына, ер адамдардағы тік ішек обырына да алып келеді. Әрі ер адамдарда әйелдердегідей ерте анықтайтын скринингтік тест жоқ. Сол үшін олар көбіне ауруы әбден асқынып, емдеуге келмейтін жағдайға жеткенде барып бізге жүгінеді. Ол кезде біз бұл аурудың алдын ала алмай қаламыз. Сол үшін ер балаларға да бұл вакцинаны алу аса маңызды, - деді Айжан Бақытбекқызы.
Айта кетейік, Қызылордада адам папилломасы вирусына қарсы 2 мыңға жуық екпе салынды.