Ұландық курсанттар Петропавл қаласының ауыз суға арналған станциясын қорғап қалды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Ұлттық ұланы академиясының 400 курсанты су тасқынына байланысты Петропавл қаласының аумағындағы маңызды нысандарды судан қорғау жұмыстарына жұмылдырылды.

Фото: ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Биылғы 20 наурыздан бастап бүгінгі күнге дейін академияның курсанттары СҚО-ның Прибрежный, Кожевенный, Ольшанка, Заречный, Бескөл елді мекендерінде, сондай-ақ Петропавл қаласының шеткі аймақтарындағы Солнечный, Береке, Подгара, Рабочий шағын аудандарында су тасқынын болдырмау және апаттың салдарын жою жұмыстарын атқарып жатыр. 

Фото: ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

«Курсанттар су тасқынын тоқтату мақсатында қаптарды топырақ пен құмға толтырып, бөгеттерді күшейту жұмыстарына атсалысып келеді. Олар Солнечный, Береке, Рабочий шағын аудандарында арықтарды тазалап, тасқын судың алдын алу жұмыстарын қолға алып, Бескөл кентінде судың көтерілуін уақытылы анықтау мақсатында қадағалау пункттерін қойып, қызмет атқарды. Сондай-ақ академияның 400 әскери қызметшісі және 19 техникасы Петропавл қаласының елді мекендеріндегі (Ольшанка ауылы, Бескөл к., Горводоканал, Пестрый көлі, Лесхоз) су тасқынына қарсы жұмыстарды атқаруға белсенді қатысып жатыр», - деді Ұлттық ұлан Академиясының бастығы полковник Артур Тоқышев.

Сонымен қатар Ұлттық ұлан курсанттары, сарбаздары мен Қорғаныс министрлігінің жауынгерлері Петропавл қаласының «Қызылжар су» ЖШС-нің ауыз суға арналған сорғы станциясын тасқын қаупінен қорғау үшін тосқауыл қою іс-шараларына тартылып, түні бойы кірпік ілместен тынымсыз жұмыс атқарды. Қолданылған тиісті шаралар мен курсанттардың жанқиярлық еңбегінің нәтижесінде қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылғылары іске қосылды. 

Фото: ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі