Нақтырақ айтсақ, Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6637 әскери бөлімінің сарбаздары қатардағы Аян Жұдырықов, Тимур Жайшылықов және Илхам Маметов үшеуі өздеріне берілген аймақта қызмет атқарады.
Кенет сағат 20:40 кезінде әскери жасақ жауынгерлерінің назары қала көшелерінің бірінде жүрген кішкентай екі қызға ауады. Жасақ бастығы қатардағы Аян Жұдырықов балақайларға жақындап өзін таныстырып, неліктен кешкі уақытта үлкен адамдарсыз жүргендерін сұрайды. Сұрастыра келе олардың адасып кеткендері және ата-аналарын таба алмай жатқандары белгілі болады.
Ұландықтар еш ойланбастан бірден балалардың ата-анасын іздеуге кіріседі. Арада 20 минуттай уақыт өткенде, әскери жасақ бүлдіршіндердің ата-аналарын табады.
— Бұл біздің күнделікті қызметіміз. Сондықтан іс-әрекет барысында басты мақсатымыз — кішкентай қыздарға көмектесу болды, — дейді әскери жасақ бастығы Аян Жұдырықов.
Ұландықтардың адал қызметіне балалардың ата-аналары қуанып, алғыстарын білдірді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық ұлан сарбаздары 2024 жылы қандай қылмыстарды ашуға атсалысқанын жазған болатынбыз.