— 2025 жылы 8 қарашада сіңлім Айнұр екеуіміз сағат 10 жарымға қарай інім Жангелдінің үйіне бармақ болып, «Корзинка» дүкеніне кіреміз дегенде, үстімізден кірпіштер құлады. Мен түсінбей қалдым. Бір қолмен басымды жауып үлгердім, кірпіштің арасынан кеудем қысылып, даусым ыңырсып әрең шықты. Сіңілім жоқ. Дүкеннен екі жігіт шығып, үстімнен кірпішті тазалап, мені сүйреп алып шықты. Сол кезде сіңлімнің үстіндегі киімінің бір шетін көріп қалдым. Ол кірпіштің астында қалып қойыпты және дауысы естілер-естілмес шығып жатты. Мені дүкенге кіргізіп, кіреберістегі сөреге отырғызды. Мен оларға кірпіштің астында сіңлім жатқанын, тез арада кірпіштен аршуын өтіндім. Олар жедел көмек берді. Бері қарай шығармақшы еді, дүкендегі бір әйел «тиіспеңіздер» деп айқайлады. Сөмкемнен телефонды алып, інім Жангелдіге хабарласып, осындай жағдайға ұшырағанымызды айттым. Ол әйелі екеуі жүгіріп келді. Артынан жедел жәрдем қызметінің екі фельдшер қызы келді. Сіңілім сол орнында әлі жатыр. Қасына інім және ана екі фельдшер қыз барды. Көп ұзамай кірпіштер тағы да құлады, — деді ол.
Сонымен қатар бір фельдшер қыз басын ұстап, әрең жүріп, дүкенге қарай жақындап, «Ұлдана ана жақта, кондиционер» деп айтқанын жеткізді.
— Содан соң, жедел жәрдем қызметі зембілмен бірінші Ұлдананы, екінші інімді, үшінші сіңілімді алып кетті. Бізді Қошқарбаев көшесіндегі көпсалалы № 1 ауруханаға алып барды, — деді жәбірленуші.
Ол өзінің басы жарылып, миы шайқалғанын, сондай-ақ, бірнеше қабырғасы, омыртқа сүйегі, сол жақ білек сүйегі сынғанын атап өтті.
12 қарашада Гүлнәр Қалиеваның қолына ота жасалған. Операциядан соң, ол өте әлсіз болып, өз бетімен жүріп-тұра алмаған.
— 19 қарашада бөлім меңгерушісі менің ауруханадан шығатынымды айтты. Мен шошып кеттім әрі әлі әлсіз едім. Ол кісіге басқа бөлімге немесе реабилитациялық орталыққа жатқызуын сұрап жалындым. Бірақ құлақ аспады. Шығарып жіберді. Балам мен інімнің ұлы келіп, ауруханадан алып кетті. Мен үйде ұзақ уақыт төсекке таңулы болдым. Тамақ пісіруге және үй жинауға көршілерім келіп, көмектесіп тұратын, — деді ол.
Одан бөлек, орын алған жағдайларға байланысты үй кезегінде қиындықтарға тап болғанын айтты.
— Мен 2012 жылдан бері Қостанай қаласында үй кезегінде тұрғанмын. Осы оқиғадан кейін үй кезегім келді, бірақ табыс көзін растай алмағандықтан, кезегім келсе де, үй ала алмай отырмын. Қазір зейнеткер ретінде де бермей жатыр. Ал сіңілім екеуміз жұмысқа жарамсыз болып қалдық. Тіпті, шүберекті де сыға алмаймын. Қолымда металл конструкция тұр. Бір отбасынан үш адам жарақат алып отырмыз. Біздің алған жарақатымызға кім жауапты? Моральдық, психологиялық, физикалық жарақат алып отырмыз. Біз ескерусіз қалмауымыз керек. Әділдік талап етемін, — деді Гүлнәр Қалиева.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сотта сотталушының адвокаты ғимараттың опырылу себептерін атағанын жазғанбыз.