Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот: сотталушының адвокаты ғимараттың опырылу себептерін атады
АСТАНА. KAZINFORM – Фельдшер Ұлдананың қазасына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Сотталушы Сәуле Жұбаниязованың адвокаты Асхат Әлімов қорғау сөзін сөйледі.
Адвокат айыптау тарапы оның қорғауындағы адамның әрекеті мен ғимарат кірпіштерінің опырылуы арасында тікелей байланыс бар екенін дәлелдей алмағанын мәлімдеді.
Оның сөзінше, Жұбаниязова мен қорғау тарапы қаза болған қыздың отбасына көңіл айтады. Алайда қайғылы оқиға кезінде пәтер иелері кооперативі төрайымы қызметін атқарғаны оның автоматты түрде кінәлі екенін білдірмейді.
– Қылмыстық заң жауапкершілікті соңғы атқарған лауазым немесе соңғы қойылған қол қағидаты бойынша белгілемейді, – деді Асхат Әлімов.
Қорғаушының айтуынша, Жұбаниязованы кінәлі деп тану үшін оның нақты қандай міндеті болғанын, қауіп туралы білгенін, оны оқиғаға дейін анықтай алатын мүмкіндігі болғанын, опырылудың алдын алуға мүмкіндігі бар-жоғын және әрекетсіздігі мен қайғылы оқиға арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар екенін дәлелдеу қажет.
Адвокат 2026 жылғы 22 мамырдағы №2673 сот құрылыс-техникалық сараптамасының қорытындысына сілтеме жасады. Оның айтуынша, мамандар ғимараттың құрылыс технологиясы мен конструкциялық шешімдеріне байланысты көптеген ақауларды анықтаған. Олардың қатарында арматуралық торлардың болмауы, қалау ерітіндісі беріктігінің төмендігі, кірпіш қалау талаптарының бұзылуы және қаптама қабатының жеткіліксіз бекітілуі бар.
– Сарапшылардың бұл қорытындылары опырылудың себебі тиісті деңгейде күтім жасалмауы емес, бастапқы құрылыс ақаулары болғанын тікелей растайды. Бұл ақауларды «Гражданстрой» ЖШС 2004-2005 жылдары жіберген, – деді қорғаушы.
Әлімов, сондай-ақ, Жұбаниязова пәтер иелері кооперативі төрайымы қызметіне 2025 жылғы 12 мамырда кіріскенін, ал ғимарат кірпіштері 8 қарашада, яғни сол жылдың ішінде опырылғанын атап өтті. Сонымен бірге, қорғау тарапының мәліметінше, 2017 жылғы техникалық қорытынды жаңа төрайымға құжаттарды қабылдау-тапсыру актісінде көрсетілмеген.
Қорғау тарапы соттың назарын бұған дейін пәтер иелері кооперативі төрайымы болған Ахметоваға да аударды. Адвокаттың айтуынша, ол техникалық қорытынды мен ғимаратта анықталған мәселелерден хабардар болған.
Бұдан бөлек, адвокат сотқа дейінгі кезеңде Жұбаниязованың процестік құқықтары бұзылғанын мәлімдеді. Себебі, бастапқыда одан қарапайым куәгер ретінде жауап алынған.
Әлімов пәтер иелері кооперативі төрайымы үйді басқарудың жалғыз органы емес екенін де ерекше атап өтті. Оның айтуынша, күрделі жөндеу жүргізу туралы шешімдер заңда белгіленген басқару жүйесі аясында қабылданады. Ал төрайымның міндеттері негізінен ұйымдастырушылық сипатты қамтиды.
– Осы деректерсіз «жөндеу жұмыстарын ұйымдастыра алды» деген тұжырым жай болжам болып қалады. Қылмыстық жауапкершілік болжамдарға негізделмеуі тиіс, – деді адвокат.
Сөзінің соңында қорғаушы айыптау тарапы Жұбаниязованың пәтер иелері кооперативі төрайымы қызметінде болғанын ғана дәлелдеді деп мәлімдеді. Алайда оның пікірінше, Жұбаниязованың әрекетсіздігі ғимараттың опырылуына және фельдшер Ұлдананың қаза болуына себеп болғанын айыптау тарапы дәлелдей алған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты істе сот адвокаттың өтінішхатын қанағаттандырмағанын жазғанбыз.