Бүгінгі сот отырысында судья процестің жаңа қатысушыларын таныстырды.
Атап айтқанда, жәбірленуші Айнұр Нұрпейісованың мүддесін қорғауға Астана қаласының заң консультациясының адвокаты Жадыра Құрымбаева тағайындалды. Ал сотталушы Сәуле Жұбаниязованың қорғаушысы ретінде Асхат Әлімов қосылды.
Сот құрамын жариялағаннан кейін екі адвокат та қарсылықтары жоқ екенін мәлімдеді. Олар бұған дейінгі сот отырысына қатыспағандықтан, судья олардың қандай да бір өтінішхаттары бар-жоғын да нақтылады.
Адвокат Асхат Әлімов Сауле Жұбаниязованың мүддесін қорғауға тапсырманы тек 20 тамызда алғанын және сол күні қылмыстық іске қатыса бастағанын айтты.
Оның сөзінше, іс сотқа 14 тамызда түскен, ал алдын ала тыңдау 18 тамызда өткен. Сол кезде сотталушының бұған дейінгі қорғаушысы іс материалдарымен танысу туралы өтінішхат берген. Осыдан кейін сот келесі отырысты 20 тамызға белгілеген.
– Құрметті сот, бүгін іске жаңадан кіріскен қорғаушы ретінде қылмыстық іс материалдарымен толық танысуға, тағылған айыпты зерделеуге, дәлелдемелер базасын талдауға, іс жүргізу құжаттарын бағалауға, қорғау ұстанымын айқындап, оны қорғауымдағы адаммен келісуге, сондай-ақ өтінішхаттар, арыздар және өзге де қажетті іс жүргізу құжаттарын дайындауға жеткілікті уақытым болған жоқ, – деді А. Әлімов.
Адвокат Қылмыстық-процестік кодекс нормаларын келтіріп, қорғаушы қылмыстық процестің кез келген кезеңінде іске кірісе алатынын айтты. Ал сот талқылауы барысында іске жаңадан кіріскен адвокатқа қорғауға дайындалу үшін қажетті уақыт берілуге тиіс.
– Бұған дейінгі қорғаушыға іс материалдарымен танысу мүмкіндігінің берілуі іске жаңадан кіріскен қорғаушыға материалдарды өз бетінше зерделеп, өзінің қорғау ұстанымын әзірлеуге қажетті уақыттың берілуін алмастырмайды, – деп атап өтті адвокат.
А. Әлімовтың пікірінше, оның іске кіріскен күні сот талқылауын жалғастыру сотталушының білікті әрі тиімді заң көмегін алу құқығын шектеуі мүмкін.
Осыған байланысты қорғаушы соттан оны С. Жұбаниязованың адвокаты ретінде іске қатыстыруды, қорғауды қабылдағаны туралы жазбаша хабарламаны іс материалдарына қосуды және қылмыстық іс материалдарымен толық танысуға уақыт беруді сұрады.
Сонымен қатар адвокат сот талқылауын дәлелдемелерді зерделеуге, қорғауындағы адаммен ұстанымды келісуге және қорғау желісін әзірлеуге жеткілікті мерзімге кейінге қалдыру туралы өтінішхат берді.
Еске сала кетсек, фельдшер Ұлдана Мырзуан өліміне қатысты алғашқы сот отырысы 18 тамызда басталған еді.
Іс бойынша прокурорлар ресми айыптау актісін жариялады.
Бұған дейін сот Әділет Зейнелдің жәбірленуші болудан бас тарту жайлы өтінішін қанағаттандырмады.