Осыдан кейін сот отырысына үзіліс жарияланды. Судьяға қарсылықты басқа судья немесе сот төрағасының міндетін атқарушы тұлға қарауы қажет.
Үзіліс жарияланар алдында судья қорғау тарапының қарсылықтары сот отырысының хаттамасына енгізілгенін түсіндірді. Оның айтуынша, сотталушының қорғалу құқығы бұзылған жоқ.
Меруерт Абаеваның айтуынша, 14 тамызда сотталушыны адвокат Дәурен Есләмбекұлы қорғайтыны белгілі болған. Оған қылмыстық іс материалдарымен танысуға уақыт берілген.
— Бұл жағдайда сотталушының қорғалу құқығы бұзылған жоқ. Себебі 2026 жылғы 14 тамызда сотталушыны адвокат Дәурен Есләмбекұлы қорғайтыны белгілі болды. Оған қылмыстық іс материалдарымен танысуға уақыт берілді, — деді судья.
Сонымен қатар, судьяның айтуынша, сотталушыға да, оның қорғаушысына да қылмыстық іс материалдарының толық көшірмелері қағаз және электронды түрде берілген.
Сот отырысында айыпталушының жаңа адвокаты Асхат Әлімов ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 87-бабы («Судьяға қарсылық білдіру») тәртібімен төрағалық етуші судьяға қарсылық білдірді. Осыған байланысты қарсылықты қарау үшін сот отырысына үзіліс жарияланды.
— Осы сот отырысында судьяға қарсылық білдірілді. Демек, қорғау тарапының төрағалық етуші судьяға қарсылық білдіруге қатысты уәждері бар. Сондықтан қарсылықты шешу үшін сот отырысына үзіліс жарияланады, — деді Меруерт Абаева.
Еске сала кетсек, фельдшер Ұлдана Мырзуан өліміне қатысты алғашқы сот отырысы 18 тамызда басталған еді.
Іс бойынша прокурорлар ресми айыптау актісін жариялады.
Бұған дейін сот жаңа қорғаушының қылмыстық іс материалдарымен танысуға қосымша уақыт беру туралы өтініші қанағаттандырмаған еді.