Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс: қорғау тарапы істі қайта тергеуге жіберуді сұрады

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлдана Мырзуан ісі бойынша кезекті сот отырысы басталды.

Видеодан алынған кадр

Сот отырысы барысында пәтер иелері кооперативінің төрайымы Сәуле Жұбаниязованың адвокаты Дәурен Еслямбекұлы қылмыстық істі қосымша тергеу жүргізу үшін прокурорға қайтару туралы өтінішхат мәтінін мәлімдеді.

Қорғау тарапының пікірінше, сотқа дейінгі тергеу барысында маңызды мән-жайлар толық зерттелмеген. Атап айтқанда, Жұбаниязованың кінәсі, кінәнің нысаны, сондай-ақ оның әрекеті немесе әрекетсіздігі мен болған қайғылы оқиға арасындағы себеп-салдарлық байланыс толық анықталмаған.

Адвокаттың айтуынша, Жұбаниязова пәтер иелері кооперативінің төрайымы қызметіне тек 2025 жылдың мамыр айында келген. Оған дейін үйді ұзақ уақыт бойы бұрынғы төрайым Ахметова басқарған. Ол құжаттарды Жұбаниязоваға тапсыра отырып, ғимараттың жағдайы жақсы екенін айтқан.

— Менің қорғауымдағы Жұбаниязова пәтер иелері кооперативінің төрайымы болып 2025 жылдың мамыр айында тағайындалды. Оған дейін ұзақ уақыт бойы төрайым қызметін Ахметова атқарған. Жұбаниязова бұл үйді жобалауға немесе салуға қатысқан тұлға емес, мердігер де емес, авторлық қадағалау жүргізбеген және инженерия саласында арнайы білімі жоқ, — деді қорғаушы.

Қорғау тарапы іс жүргізу барысында да заң бұзушылықтар болғанын атап өтті. Адвокаттың сөзінше, Жұбаниязова сотқа дейінгі тергеудің басым бөлігінде куәгер мәртебесінде болған, ал күдікті ретінде іс қараудың соңғы кезеңінде ғана танылған.

Сонымен қатар, қорғау тарапы іс материалдарындағы бірқатар хаттамалардың рәсімделуінде кемшіліктер бар деп санайды. Атап айтқанда, кейбір тергеу әрекеттерінің жүргізілген уақыты көрсетілмеген және қорғаушының қолы қойылмаған.

Сараптама қандай нәтиже көрсетті

Адвокат құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындысына назар аударды. Қорытындыға сәйкес, 2025 жылғы 8 қарашада болған опырылуға конструкциялық ақаулар мен кірпіш қалау технологиясының бұзылуы сияқты бірнеше себептердің жиынтығы әсер еткен.

Атап айтқанда, сарапшылар жобада қарастырылған монолитті арматураланған белдеулердің жоқтығын, қаптама қабатындағы ақауларды, қалау жіктерінің сапасыз толтырылуын, сондай-ақ жартылай және сынған кірпіштердің қолданылғанын анықтаған.

Қорғаушының айтуынша, 2017 жылдың өзінде қабырғадағы жарықтар мен қаптама қабатының жекелеген бөліктерінің бұзылуы тіркелген. Демек, мұндай жағдайлар Жұбаниязова пәтер иелереінің кооперативі төрайымы болғанға дейін де орын алған.

— Опырылу бір ғана себептің нәтижесі емес, деформацияның ұзақ уақыт бойы ушығуы салдарынан болған, — деді адвокат.

Осыған байланысты қорғау тарапы Сәуле Жұбаниязованың қауіпті ақауларды өз бетінше анықтай алуы мүмкін бе, мамандарды тарту қажет болды ма деген мәселелерді анықтау қажет деп есептейді. Сонымен қатар, опырылуға дейін қажетті жұмыстарды жүргізуге пәтер иелері кооперативінің қаржылық мүмкіндігі болды ма деген сауалдың жауабын анықтауға қажет деп санайды.

Сондықтан адвокат өтінішхатында соттан істі қосымша тергеу жүргізу үшін прокурорға қайтаруды сұрады.

Одан бөлек, қорғау тарапы қосымша комиссиялық құрылыс-техникалық және қаржылық-экономикалық сараптама жүргізуді, жобалық және атқарушылық құжаттарды талап етуді, сондай-ақ 2017 жылдан бері үйдегі жарықтар туралы кімдер білгенін анықтауды сұрап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлдана Мырзуанның күйеуі Астана әкімдігінен алған 20 млн теңгені қайда жұмсағанын айтып бергенін жазғанбыз.

Сонымен қатар, фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартты.