Үлес 65%: Түркия соққы жасайтын дрон экспортында әлемде көш бастап тұр
АСТАНА. KAZINFORM — Түркия соққы жасайтын ұшқышсыз ұшу аппараттарын экспорттау бойынша әлемдік нарықтың 65 пайызын иеленіп отыр, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Түркия соққы жасайтын ұшқышсыз ұшу аппараттарын (БПЛА) экспорттау бойынша әлемдік нарықтың 65 пайызын алып отыр. Тек Baykar компаниясының өзі БПЛА-ны әлемнің 37 еліне жеткізеді.
Бұл туралы Baykar компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Сельчук Байрактар журналистерге мәлімдеді. Оның айтуынша, түрік өндірісіндегі ұшқышсыз аппараттар — заманауи технология мен тиімді бағаның үйлесімі.
— Біз БПЛА-ларға орнатуға болатын оқ-дәрілердің кең ауқымын ұсынамыз, бұл біздің өнімді өзгелерден ерекше етеді, — деді ол, Түркияның қорғаныс өнеркәсібінің жетістіктеріне назар аудара отырып.
Сельчук Байрактар жаңа Bayraktar TB3 соққы жасайтын ұшқышсыз ұшу аппараттарының мүмкіндіктері туралы да айтты. Бұл дрондар қысқа ұшу-қону жолағы бар әскери кемелерден ұша алатын көрінеді.
— Бұл бағытта АҚШ та, басқа елдер де бәсекеге түсті. Бірақ бұл жобаны сәтті аяқтаған алғашқы ел — Түркия. Bayraktar TB3 түрлі ауа райы жағдайында теңіз кемелерінде 170 рет автоматты түрде ұшып-қонуды жүзеге асырды, — деді ол.
Бұдан бұрын Түркия 2025 жылдың соңына дейін тауарлар мен қызметтердің экспорт көлемін 390 миллиард долларға жеткізуді көздеп отырғанын жазғанбыз.