Түркия соққы жасайтын ұшқышсыз ұшу аппараттарын (БПЛА) экспорттау бойынша әлемдік нарықтың 65 пайызын алып отыр. Тек Baykar компаниясының өзі БПЛА-ны әлемнің 37 еліне жеткізеді.
Бұл туралы Baykar компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Сельчук Байрактар журналистерге мәлімдеді. Оның айтуынша, түрік өндірісіндегі ұшқышсыз аппараттар — заманауи технология мен тиімді бағаның үйлесімі.
— Біз БПЛА-ларға орнатуға болатын оқ-дәрілердің кең ауқымын ұсынамыз, бұл біздің өнімді өзгелерден ерекше етеді, — деді ол, Түркияның қорғаныс өнеркәсібінің жетістіктеріне назар аудара отырып.
Сельчук Байрактар жаңа Bayraktar TB3 соққы жасайтын ұшқышсыз ұшу аппараттарының мүмкіндіктері туралы да айтты. Бұл дрондар қысқа ұшу-қону жолағы бар әскери кемелерден ұша алатын көрінеді.
— Бұл бағытта АҚШ та, басқа елдер де бәсекеге түсті. Бірақ бұл жобаны сәтті аяқтаған алғашқы ел — Түркия. Bayraktar TB3 түрлі ауа райы жағдайында теңіз кемелерінде 170 рет автоматты түрде ұшып-қонуды жүзеге асырды, — деді ол.
Бұдан бұрын Түркия 2025 жылдың соңына дейін тауарлар мен қызметтердің экспорт көлемін 390 миллиард долларға жеткізуді көздеп отырғанын жазғанбыз.