Үлескер қаражаты құрылысқа нөлдік цикл аяқталғанда не үй қаңқасы тұрғызылғанда ғана тартылуы тиіс - Қ.Өскенбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үлескерлер қаражаты құрылысқа тек нөлдік цикл аяқталғаннан кейін не болмаса үй қаңқасы тұрғызылғаннан кейін тартылуы тиіс. Мәжілісте таныстырылған «Тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу туралы» заң жобасында осындай норма қамтылып отыр.

Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, құжатта үлестік құрылыстың 2 жаңа тетігі ұсынылып отыр. Мұның бірі - қаражатты тек нөлдік циклдан соң тарту болса, екіншісінде - үй қаңқасы көтерілгеннен соң тартылады.

«Біріншіден, құрылыс салушы өз қаражаты есебінен нөлдік циклді салу және кредит беру туралы және инжинирингтік компанияны таңдау туралы банктің оң шешімін алуы тиіс. Бұл ретте үлескерлердің жарналары құрылыс салушының арнайы шотына аударылатын болады, олар инжинирингтік компанияның қорытындысы негізінде ғана пайдаланылады. Екінші - құрылыс салушы өз қаражаты есебінен тұрғын ғимараттың қаңқасын салуы тиіс. Егер инжинирингтік компания үлескерлердің қаражатын мақсатсыз пайдаланылса, оның мән-жайы анықталғанға дейін құрылыс салушының есептік шоты бойынша операцияларды тоқтата тұруға құқылы», - дейді вице-министр.

Бұдан бөлек, заң жобасымен инжинирингтік компанияға құрылыс барысына, жобалық-сметалық құжаттың өзгеруіне, үлескерлер қаражатының мақсатты пайдаланылуына бақылау және қадағалау жүргізу жүктелмек.