Үлестік қатысудағы нысандардың құрылысы толығымен аяқталғаннан кейін мемлекеттің жалдық тұрғын үй қорында 12 мыңнан астам пәтер болады - Ғ.Әмрин

АСТАНА. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға еншілес Жылжымайтын мүлік қорының (ЖМҚ) қаржыландыруымен тұралап қалған нысандардың құрылыстары толығымен аяқталғаннан кейін, мемлекеттің жалға беру тұрғын үй қорына 12 мыңнан астам пәтер өтеді.

Бұл туралы бүгін Астана қаласының әкімдігінде елордада үлестік қатысумен салынып жатқан нысандарды үстіміздегі жылы толығымен аяқтауға арналған кеңестен кейін болған брифингте ЖМҚ-ның басқарма бастығы Ғосман Әмрин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ғ.Әмриннің атап көрсеткеніндей, 2009 жылы ЖМҚ қаржыландырып жатқан нысандардың екеуі, атап айтқанда «Ақжайық» және «Әл-Арқа» тұрғын үй кешендерінің құрылыстары аяқталды. Олардан ЖМҚ 377 пәтер сатып алды. Ал 2010 жылы 10 құрылыс нысанын аяқтау арқылы мемлекеттік -жалдық тұрғын үй қорына тағы 1100 пәтерді сатып алу жоспарлануда.

Ғ.Әмриннің айтуынша, үлескерлердің қатысуымен Астана және Алматы қалаларында, Ақмола (Қосшы кентіндегі нысандар) және Алматы облыстарында салына бастаған үйлердің проблемасы толық шешілгеннен кейін мемлекет иелігіне 12 мыңнан астам пәтер өтетін болады.

Оның сөзіне қарағанда, бұл пәтерлерді жалға үлестіру мәселесін қала әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ теңдей жүзеге асырмақ.

Бүгінде коммерциялық мақсатта жалға берілетін пәтерлердің механизмдері толығымен әзірленді және олар үстіміздегі ақпан айының соңында жарияланатын болады. Оның операторы ретінде Қазақстанның «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» АҚ белгіленіп отыр. Үйлердің әр шаршы метрінің жалға алу құны үйдің орналасқан жеріне және оның құрылысына салынған қаражаттың сомасына байланысты анықталады. Орташа баға 1 мың теңге маңайында болмақ. Пәтерлерді жалға беру мерзімі - 10 жыл, оның алғашқы 5 жылында баспананы жекешелендіруге, екінші адамға жалға беруге және сатуға болмайды. Сондай-ақ, «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкіне» жалға алатын үйдің бір айлық төлемінің төрт еселенген сомасын кепілдікке салу қажет.

Арендалық пәтерлер баспанасы жоқ, не тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келген төлемге қабілетті азаматтарға берілмек.