Үлестік құрылысқа қатысқандардың ақшалай қаражаттарын ұрлау фактілері бойынша 7 қылмыстық іс қозғалды - Астана прокуратурасы

АСТАНА. Шілденің 26-сы. ҚазАқпарат /Жанна Қорқытова/ - Ағымдағы жылдың алғашқы 6 айында Астана прокуратурасы үлестік құрылысқа қатысқандардың ақшалай қаражаттарын ұрлау фактілері бойынша 7 қылмыстық іс қозғады.

Бұл туралы қалалық прокуратураның алқа мәжілісінде мәлім етілді.

Прокуратураның дерегі бойынша, жүргізілген тексерулер барысында бюджет пен үлестік құрылыс қаражаттарының заңды жұмсалу мәселелеріне айрықша назар аударылған.

Прокуратура органдарының араласуының арқасында 5 мыңға жуық елорда тұрғыны 140 миллион теңгеден астам сомадағы өздерінің маңдай тер еңбекақыларын ала алған. Прокуратура сонымен бірге, алақол жұмыс берушілерге қатысты жалпы сомасы 5 миллионнан астам теңгенің 78 әкімшілік ісін қозғады.

Сондай-ақ, прокуратура үлестік құрылысқа қатысқан азаматтардың тұрғын үй құқықтарын қорғау мақсатында І жартыжылдықта 773 үлескердің мүдделерін қорғай отырып, олар төлеген 6 милиард теңгеден астам ақшалай қаражатты өндіру және үлестік құрылысқа қатысу туралы келісім шарттарды бұзу туралы 9 талап-арызын енгізді. Үлестік құрылысқа қатысқандардың ақшалай қаражаттарын ұрлау фактілері бойынша 7 қылмыстық іс қозғалды.