«Ұлы дала ойындары»: Алматыда ұлттық спорт ұлықталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында «Ұлы дала ойындары» ұлттық спорт түрлерінің фестивалі өтіп жатыр.
Фестиваль аясында «Алматы ипподромында» көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату сынды ұлттық ойындардан сайыстар және аламан бәйге ұйымдастырылды.
– Бүгін «Ұлы дала ойындары» фестивалі өтіп жатыр. Мақсатымыз – ұлттық спортты насихаттап, оның дамуына үлес қосу. Қазір 2 мыңға жуық адам келді. Аламан бәйге кезінде одан да көбейеді деп ойлаймыз. Аламан бәйгенің жүлде қоры – 3 000 000, құнан бәйгенің жүлде қоры – 2 000 000 теңге. Қазір аламан бәйгеге 50 сәйгүлік, құнан бәйгеге 30 сәйгүлік қатысады, - деді фестиваль ұйымдастырушысы Бауыржан Талғатұлы.
Сондай-ақ іс-шараға келген қала тұрғындары мен қонақтары асық ату, тоғызқұмалақ, гір көтеру, қол күрестіруден шеберлік сабақтарына қатысуға мүмкіндік алды.
– Алматы облысы Ақши ауылында Ұста Дәркенбай атындағы қолөнер музейі бар. Өзім қолөнершімін, екі шәкіртімді ертіп бүгінгі фестивальге өнерімізді паш етуге келдік. Музей жанында шеберхана бар. Сол шеберханада қазақ халқының қолөнерінің барлық түрімен айналысамыз. Осы жұмысымның арқасында шетелдік көрмелерде болдық. Сонда қазақ қолөнерінің іргесі биік тұрады деп айта аламын. Себебі ағаш, темір, тері, тас және малдан алынатын жүн, мүйіз, сүйек материалдардың барлығын қазақ қолөнері қамтиды. Алтын, күміс және өзге де пайдалы қазбалар қазақ жерінде көп болғандықтан, халқымыздың зергерлік, ұсталық өнер де жақсы дамыған, - деді қолөнерші, Ұста Дәркенбай атындағы қолөнер музейінің директоры Дәулет Дәркенбайұлы.
Фестиваль кезінде түйе үстінде жамбы атып, қыз қууға қатысқан Аружан Аманкелдіқызы жарыстың ұлттық ойындардың ерекшелігі туралы пікір білдірді.
– 2023 жылдың қараша айында түйемен жамбы атып Қазақстанның рекордтар кітабына ендік. Түйелерді өзіміз арнайы үйреттік. Ат үстінде жамбы атумен түйе үстіндегі өнерді салыстырсақ, тек жылдамдық жағынан айырмашылық бар. Жылқыда жылдамырақ, ал түйеде баяу. Жалпы садақ атқан кезде қолды дұрыс қою керек. Сонымен қатар тез оқтап, тез атып үйрену керек. Себебі біз көздеп емес, қол мергендікке салып атамыз, - деді Аружан Аманкелдіқызы.
Ал, ат үстінде ойнап, халық алдында өнер көрсеткен тағы бір қыз – Диана Сұлтанғазиева болды. Ол ат спортына 20 жасында келгенін айтады.
– 20 жасымда алғаш рет ат спортына келдім. Жасым 22-де. Біраз тәжірибе жинағаннан кейін «Топ жарған» ұлттық өнер орталығына қосылдым. Ат үстінде өнер көрсету үшін оны бағындырып, өз мінезіңді көрсету қажет. Егер адам әлсіз болса, ат оны сезіп, бағынбай кетеді, - деді Диана Сұлтанғазиева.