Марафон-бәйге 5 мың жылдан астам бұрын адам баласы жылқы малын алғаш рет қолға үйреткен Ботай қонысында 3 қыркүйекте басталады.
Ұлттық спорт қауымдастығы баспасөз қызметінің мәліметінше, спорттық іс-шараға 10-нан астам елден командалар қатысады деп жоспарланған. Оның ішінде Иран, Түркия, Мажарстан, Қырғызстан, Оңтүстік Африка Республикасы, Ресей Федерациясы және т.б. елдердің шабандоздары бар.
Қырғызстан құрамасы «Ұлы дала жорығына» қатысатын ең үздік аттарды іріктеу мақсатында көпкүндік ат спорты марафонын өткізді.
«Қазақстанда өтетін көпкүндік ат жарысына дайындық аясында 300 шақырымдық қашықтыққа «Кочмондор журушу» іріктеу марафоны өтті. Барлық командаға сәттілік және жеңімпаздардың көп болуына тілектеспін. Ең төзімді және жылдам сәйгүліктер жеңіске жетіп, тұғырдан көрінетініне сенімдімін», - деді Қырғызстан ат спорты федерациясының вице-президенті Манас Сұлтанов.
«Ұлы дала жорығына» Кабардин-Балқар Республикасының құрамасы да қатысуға дайындықты бастады. «АМД Кавказ» ат спорты клубының негізін қалаушы Ахъед Махов қазақстандық ат жарысына қатысуға шақырту алғанын айтты.
«Марафон-бәйгенің бүкіл адамзат үшін киелі мекен саналатын Ботай қонысынан басталуы ерекше маңызды. Біздің команда аңыздар мен тарихи жәдігерлерге толы Ботай жеріне баруға ерекше ынталы. Олай болса, күт бізді, Қазақстан!», - деп атап өтті А.Махов.
Ат жарысы 7 қыркүйекте Астанада аяқталады. Марафон-бәйгенің жеңімпаздары 8 қыркүйекте өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысады.
Бұған дейін Астана алдағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қалай безендірілетіндігін жазған едік.