Улы түтін құрсауында: Павлодарда ауыл жұрты экологиялық қолайсыз ортада өмір сүріп жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Баянауыл ауданындағы Шөптікөл ауылының тұрғындары ұзақ жылдан бері кеніштен саулаған көк түтіннің арасында өмір сүруге мәжбүр. Тозығы жеткен елді мекеннің әлеуметтік жағдайы да кері кеткен.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Әкімдер аяқ баспайтын ауыл

Шөптікөлде 21 отбасы, 60-тан астам адам тұрып жатыр. Үлкен жолдан бұрылып ауылға таяй бергенде ең әуелі бықсып жанған көмірдің ащы түтіні кеңсірік жарады. Ауылдың жан-жағының бәрі кеніш. Батысында — Майкөбе, оңтүстігінде — Сарыкөл, шығыс тұсында — Талдыкөл, оңтүстік беткейде топырақ арасындағы көмір жалдары үнемі қызып, ауыл жұртын күні-түні көк түтінмен улап жатқан ескі Шөптікөл кеніші.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

— Әкім, депутат атаулы ауылымызға аяқ аттап баспайды. Балаларымыз мынау көк түтіннің арасында өмір сүріп жатқаны ешкімді ойландырмайды. Күн тымықта іргеміздегі ескі кеніштің түтіні келсе, желді күндері Майкөбе кенішінің шаң-тозаңына көмілеміз. Мәселемізді аудан басшылығы, облыс экологтары жақсы білгенімен шарасыз. Ауыл орталықтандырылған ауызсу, мәдениет үйі, кітапхана, балалардың ойын алаңы сияқты қарапайым инфрақұрылымның өзінен жұрдай. Осы уақытқа дейін тағайындалған басшылар бұл мәселелермен мүлде айналыспады десе болады. Түнде көшелеріміз тас қараңғы, орнатқан шамдары ескі болды ма, аз уақытта істен шықты. Электр бағандары да әбден ескірген, жел соқса сымдары бір-біріне тиіп, жарық өшіп қалады. Электрик маман бізде жоқ, ауданнан келіп жөндегенше 3-4 тәулік бойы жарықсыз отырамыз. Айына кемі 2-3 мәрте жарықсыз қаламыз, — деп жеткізді елдің мұңын жергілікті тұрғын Айтбай Төлепбергенов.

Фото: Мұрнат Аяған/Kazinform

Ауыл жұртына аптасына екі мәрте арнайы көлікпен ауызсу жеткізіледі. Шелегі — 15 теңге. Бұған дейін ауыл шетінде скважина жұмыс істеп, түліктерін суаруға мүмкіндік болыпты. Алайда қыстан бері оның сорғысы кезекті рет істен шығып, бүгінде қолдарындағы азын-аулақ малдарына су табу мұңға айналған. Ал скважинадан су шығаратын тоған бүгінде кеуіп қалған. Су тапшылығынан жұрт бау-бақша да еге алмайды. Айналаның барлығы қу тақыр, шөлейт жерде тал-терек өспейді.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

«Скважинаның жаңа сорғысы 800 мың теңге тұрады. Оған ақшамыз жоқ», дейді тұрғындар. Осы уақытқа дейін бірнеше рет қалталарынан қаражат шығарып, сатып алыпты. Жайылым мәселесі де өзекті. Айналаның барлығы қаптаған кеніш, автожол мен теміржол тармақтары. Малдары жүк пойыздарының астына түсіп өле береді. Автожол жаққа жаюға қорқады, жол полицейлері сырғаларын суретке түсіріп алады.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Келесі бір мәселе — ауылда ұялы байланыс тұрмақ, қарапайым телефон байланысының өзі жоқ.

«Жедел жәрдем келсе, бензин сұрайды»

— Осы күні ауырып қалудан қорқатын болдық. Біздің ауылға жедел жәрдем көлігі келгісі келмейді, келсе де «бензин құйып бересіңдер» деген талап қояды. 103 операторы кейде көлік жібермейміз деп кәдімгідей бас тартады. Ауылдағы медпункт жай ғана қаңтарылып тұр. Улы түтіннің әсері болар, ауыл тұрғындары жиі сырқаттанады. Қан қысымы көтеріліп, үнемі самайлары ауырады. Үлкен адамдар ауыра қалса, укол салатын адам таппай қиналамыз. Жолдама алу үшін аудан орталығына сабыламыз. Дәріхана, дүкен деген атымен жоқ. Азық-түлікті Майқайың мен Баянауыл кенттерінен 8-9 мың теңгеге такси жалдап тасуға мәжбүрміз. Ауылда адам таситын автобус та жоқ. Түтіннің арасында өмір сүруге шыдасақ та, қарапайым ғана әлеуметтік мекемелердің қолжетімсіздігі шымбайымызға бататыны шын. Іргеміздегі ЦЭС, Сұлужон сияқты ауылдарда барлығы бар, орталықтандырылған ауызсу да тартылып берілді. Бәрінен бұрын балаларымыздың болашағы үшін алаңдаймыз. Ауылда мектеп жоқ, жақын жердегі ЦЭС мектебіне ескі автобуспен қатынап оқиды. Ол автобустың жүруінен тұруы көп. Енді бір бес-алты жылда мұнда жас отбасылар мүлде қалмайтыны анық, — деп қынжылды тұрғын Анар Омарова.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Картада бар, базада жоқ

Қайрат Сәрсембаев есімді ауыл тұрғыны медициналық көмек шынымен үлкен мәселеге айналып тұрғанын растады. 76 жастағы анасы бүйрек жеткіліксіздігіне шалдыққан, мүгедек жан. Аптасына үш мәрте Екібастұз қаласына диализге апарады. Алайда қыста жол жабылып қалғанда қиналып қалатын көрінеді. Ауылда жол тазартатын трактор жоқ, тиіп тұрған Майкөбе кеніші техника бермейді. Былтыр ауыл тарихында тұңғыш рет үлкен автожолға жалғайтын кірме жолға (Сұлужон бағытындағы) асфальт төселген екен. Жұмыс сапасыз болды ма, бәлкім күз бен қыста көмір таситын жүк көліктерінің ауырлығына шыдамады ма екен, бүгінде оның өзі әр жерінен тесіліп, бүліне бастапты.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

— Күзде кеніштен көмір таситын жүк көліктері біздің ауылдың жанымен жүреді. Жел теріскейден соқса, барлық шаңды ауыл тұрғындары жұтады. Әйелдеріміз далаға кір жая алмайды, балаларымыз далаға шығып ойнаудан қалады. Тағы бір мәселе, ауыл тұрғындарының тұрғылықты жері бойынша мәселе туындап отыр. Электронды мәліметтер қоры бойынша біздің барлығымыз ауданның өзге елді мекендерінде тіркеуде тұрмыз. Мәселен біздің үйдегі бес адам бес түрлі ауылда тіркеліп тұрмыз. Неге олай деп шу шығарып көрдік, ешкім білмейді. Сайлау кезінде дауыс беру кәдімгідей машақат. Өз үйімізге қайта тіркеле алмаймыз, себебі көшелеріміз туралы мәліметтер базадан ұшып кетіпті. Шын мәнінде біздің ауыл картада бар да, мәліметтер қорында жоқ, — деп тағы бір маңызды мәселенің ұшын шығарды Қайрат Сәрсембаев.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Көмір бағасы

Майкөбе көмір кеніші аудандағы ең ірі әрі тұрақты жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның бірі. Алайда шөптікөлдіктер іргедегі көмір кенішінің қайырымы жоқтығына қапалы. Одан босатылатын тас көмірдің игілігін жергілікті халық мүлде сезінбейді.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

— Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханұлы: «Туған жердің әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек» деген. Олай болса өзіміздің табанымыздың астынан шығып жатқан қазына не себепті жергілікті халыққа қымбат бағаға сатылып отыр? Тоннасын 8 мың теңгеден сатып аламыз. Анау Бірлік ауылдық округінің аумағында орналасқан Сарыкөл кеніші жергілікті халыққа көмірдің тоннасын 4 мың теңгеге түсіріп берсе, зейнеткерлерге тіпті тегін үлестіреді. Біздің Майкөбе де тұрғындарға қарайласып, қайырымын танытуға тиіс деп санаймыз. Көмірдің тым қымбат екенін айтып, оның бағасын түсіруді талап етіп көрдік. Алайда әзірге еш өзгеріс жоқ, — деп мұңын шақты зейнеткер Төлеген Сәдуақасов.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

«Үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқамыз»

Шөптікөлдегі үйлердің барлығы бүгінде әбден тозған. Көбі өткен ғасырдың 30-40-шы жылдары саман кірпіштен тұрғызылып, бүгінде қабырғалары мүжіле бастағаны байқалады. Кеніште жарылыс жұмыстары жүргізілгенде онсыз да қаусап тұрған үйлердің қабырға сылақтары жарылып, үгіле береді. Төбелерінен топырақ саулаған жұрт үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқады.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

«Отбасымызда төрт баламыз бар. Баспанамыздың әбден ескіргені сол, қабырғасына сылақ тұрмайтын болды. Жаңбырлы күндері төбемізден су ағып, есімізді алады. Билік өкілдеріне мұңымызды айтсақ, «өзге елді мекеннен үй сатып алып, көшіңдер, біздің беретін көмегіміз жоқ» деп үзілді-кесілді бас тартады. Үйлеріміз шын мәнінде апаттық жағдайда тұр. Жаңадан салатын немесе өзге жерден сатып алатын қаражатым жоқ, онсыз да банктерден алған несиеміз бар. Жағдайымыз болса, ауылдан баяғыда көшіп кетер едік» дейді отағасы Қанат Сәрсенбаев.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Осы ауылда туып-өсіп, бүгінде қарттық шағын өткізіп жатқан Василий Синников өзі сияқты зейнеткерлердің күнкөрісі мал өсіру екенін атап өтті. Алатын 100 мың теңге зейнетақысы түкке де жетпейді. Мал азығы қымбат, 250 келілік шөп орамасы 12-15 мың теңгеден сатылады. Ауыл маңайында шөп оруға жарайтын шабындық жоқ. Қария үнемі түтін арасында өмір сүру денсаулығына адам айтқысыз зиян келтіріп отырғанын ашына жеткізді. Жер қойнауын пайдаланып отырған кәсіпкерлер тым болмағанда экологиялық төлем жүргізіп, азын-аулақ материалдық көмек көрсетсе, жұрттың біраз жыртығы жамалар еді.

Аудан билігі не айтады?

Мәселенің ізімен Баянауыл ауданының әкімдігіне хабарластық. Аудан басшысының орынбасары Еркін Арыстанбеков «ауыл аумағында қолайсыз экологиялық аухал тіркелмеген» деп жауап қайтарды.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

— Бүгінгі күнге дейін ауылды көшіру мәселесі көтерілген жоқ. Себебі ауыл тұрғындарынан бұл мәселе бойынша арыз-шағымдар мен ұсыныстар түспеген. Ал Майкөбе кеніші 2024 жылы ауыл тұрғындарымен қоғамдық тындау өткізіп, өз қызметіне және қоршаған ортаға ықтимал әсері бойынша жобаға рұқсат алған. Денсаулық сақтау мәселесіне қатысты айтар болсам, Шөптікөл тұрғындары Майқайың кенті ауруханасына тіркелген. Дәрігерлер айына екі рет медициналық пунктке барып, науқастарды қабылдайды, — дейді әкімдік өкілі.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Қазіргі уақытта орталықтандырылған су құбырын тарту жобасы (модульдік стансаны орнату) қарастырылып жатқан көрінеді. Былтыр елді мекенде 25 жарықтандыру бағанасы орнатылып, Шөптікөл ауылының кіреберіс 5,2 км жолына 234,1 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Айтуынша ауыл ішіндегі жолдарды жөндеуге жоспар да әзірленіп қойыпты. Бұл үшін ең әуелі жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуі керек. Одан соң ұялы байланыс орнату, интернет жұмысын күшейту жұмыстарына назар аударылмақшы.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Алайда ауыл халқы биліктің уәдесіне тойып болдық деп отыр. Мәселенің түйіні отбасыларды толығымен өзге жерге көшіру арқылы ғана шешіледі деп есептейді. Өз беттерімен баспана сатып аларлық жағдайлары жоқ, үйлері құнсыз, өткізе алмайды. Сондықтан бұл өзекті мәселеге облыс басшылығы мен Үкімет деңгейінде көңіл бөлінуін сұрайды.

Еске сала кетейік, Ақсуда қыруар қаражатқа салынған құбырдан ауызсу далаға ағып жатыр