АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжан астанасы Баку қаласында өтіп жатқан «Ұлы Жібек жолы» халықаралық турнирінде тағы екі қазақстандық боксшы финалға шықты.
Ел құрамасынан Тимур Қабдешов (54 келі) жартылай финалда ресейлік Максим Кузнецовпен қолғап түйістірді. Ол алғашқы екі раундта ұпайын түгелдеп, соңғы раундта сауатты ойнай білді. Нәтижесінде финалға жолдама алды.
Ал Талғат Сырымбетов (60 келі) жартылай финалда өзбек жігіті Бахтиер Асадовтан басым түсті. Жекпе-жек барысында жылдам қозғала алатын ол қарсыласын сенімді түрде жеңді.
Айта кетсек, бұдан бұрын халықаралық турнирде қазақстандық Теміртас Жүсіпов (48 келі) финалға шықты.
Ел құрамасынан Дамир Әбдіқадыр (51 келі), Серік Теміржанов (63,5 келі), Бақтияр Смағұлов (67 келі), Тимур Нұрсейітов (75 келі), Бекзат Таңатар (86 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) өз жекпе-жектерін жарыстың түрлі сатысында аяқтады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.