Бұл туралы үш елдің қорғаныс министрлері Сингапурда өткен қауіпсіздік жөніндегі конференция барысында мәлімдеді.
Жоба Ұлыбритания, АҚШ және Аустралия арасындағы AUKUS әскери серіктестігі аясында жүзеге асырылады.
Аталған одақ 2021 жылы құрылған.
Оның мақсаты – қорғаныс технологияларын терең ықпалдастыру, ғылыми әзірлемелерді дамыту және ақпарат алмасуды кеңейту.
Ұлыбританияның қорғаныс министрі Джон Хили жаңа бастаманың стратегиялық маңызына тоқталды.
— Заманауи қорғаныс дәл осылай көрінеді. Біз Ұлыбританияның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін озық суасты мүмкіндіктерін іске қосып отырмыз. Сонымен қатар экономикалық өсімге үлес қосып жатқан британиялық компанияларды қолдаймыз және ең жақын одақтастарымызбен иық тіресе жұмыс істейміз, — деді ол.
Жаңа технология маңызды суасты кабельдері мен құбыр желілерін қорғауға арналған.
Ұлыбритания мен Еуропаны газ, электр энергиясы және интернет жеткізетін мыңдаған шақырымдық суасты инфрақұрылымы байланыстырады.
Мұндай желілердің зақымдануы байланыс жүйелері мен энергия жеткізу тізбектерінің жұмысына елеулі әсер етуі мүмкін.
2025 жылы Ұлыбритания Atlantic Bastion бағдарламасын жариялаған болатын.
Бұл жоба аясында автономды кемелер мен жасанды интеллект жүйелері әскери кемелер және авиациямен бірлесіп суасты кабельдері мен құбырларын қорғауға қатысады.
Сарапшылардың бағалауынша, суасты дрондары теңіз түбіндегі стратегиялық нысандарды бақылау және қорғау мүмкіндігін едәуір күшейтеді.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанда дрон өндірісі зерттеліп жатқаны туралы жаздық.