Ұлыбритания бюджетінің жыртық-жамауы көп

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбритания бюджетіндегі дефицитті жабу үшін миллиардтаған фунт қажет, деді билікке жақында келген Лейбористер партиясы. Алдыңғы үкімет ақшаны оңды-солды шашып, инвестициялық міндеттемелерді орындамаған, мемлекеттік сектор қызметкерлерінің жалақысын өсірмеген. Олқылықтардың орнын толтырып, бюджет тапшылығын жою үшін салық көлемі көбейтілуі мүмкін дейді сыншылар, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Ғалымжан Қараманұлы\Kazinform

Мемлекет қаржысы 22 миллиард стерлинг фунтына артық жұмсалған. Бұл — бұрынғы консервативті үкіметтің бюджетті дұрыс жоспарлай алмауынан, деді өзінің ең алғашқы маңызды мәлімдемесінде жаңа қаржы министрі. Рейчел Ривз бұрынғы басшыларды көпшіліктің көңіліне қарап, қажеттілігі зор шешімдер қабылдаудан жалтарғаны үшін айыптады. Мәселен, консерваторлар алдағы екі жыл ішінде шығындарды 13 жарым миллиард фунтқа қысқарту керектігі туралы ауыз ашпаған.

«Консерваторлар партияны елден жоғары қойды және бюджетте ақша жоқтығына қарамастан міндеттемелерді мойнына ала берген. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Қордағы қаражат қаржы жылының үш айында үш еседен астам артық жұмсалыпты және консерваторлар бұл туралы ешкімге ескертпеген», — дейді Ұлыбритания қаржы министрі Рэйчел Ривз.

Министр автомобиль жолдары мен теміржол құрылысы бойынша бірқатар жобаны қысқартуды ұсынды. Ауруханалар тұрғызу жоспарының қайта қаралатыны туралы да айтты. Сондай-ақ зейнетақысы жоғары зейнеткерлерге жылу ақысына деп берілетін жеңілдік алынып тасталуы мүмкін. Бұдан бөлек Ривз кіші санаттағы дәрігерлер кәсіподағымен келісімге келгенін растады. Англиядағы ақ халаттылардың айлығы өсіп, ұзақ мерзімді ереуілдері тоқтайды. Оппозиция болса, салықты көтеру үшін министр сылтау іздеп жатыр деп айыптады.

«Ривз еңбекақыны көтеріп, кәсіподақтардың айқтанына көнді. Патшаның баяндамасынан әлеуметтік қамсыздандыру реформасы туралы сөздерді алып тастады. Өнімділікті арттыру бағдарламасын жеңілдетті. Бұл қажеттілік емес, бұл оның жеке таңдауы. Осындай таңдау жасау арқылы салықты көтергісі келіп отыр. Ал бұл туралы сайлауға дейін ләм-мим демеген», — дейді Ұлыбритания көлеңкелі үкіметінің қаржы министрі Джереми Хант.

Күзде министр кімге қатаң үнемдеуге көшу керектігін айтады. Жаңа бюджет отызыншы қазанда бекітіледі. Бұл туралы Ривз «күрделі шешімдер қабылдайтын күн жақын» деп ескертті. Бірнеше жыл қатарынан лейбористер мемлекеттік шығындардың орнын толтыру үшін салықты көбейтумен келеді. Бұл жолы да олар ескі әдетіне қайта көшеді деген қауіп бар.

Лейбористер салықты көтермесе, мемлекеттік қызметтерге қатысты күрмеулі мәселелер шешімін таппайды деп экономистер сайлау науқаны кезінде ескерткен болатын. Партия ондай жоспарының жоқтығын бірнеше рет алға тартты. Бірақ Ривз, шынымен де, бюджетте ақша жоқ деп сылтауратып, салықты өсіруі әбден мүмкін, дейді сарапшылар.

Англия Банкі өз кезегінде пайыздық мөлшерлемені төрттен бір пайызға төмендетті. Енді ипотекасы бар адамдардың төлейтін жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз болады. Консерваторлар жүргізген саясаттың нәтижесінде инфляция деңгейі 2 пайызға түсіп отыр. Дегенмен, азық-түлік пен жанармай бағасы сияқты құбылмалы факторларды есепке алмайтын негізгі инфляция деңгейі салыстырмалы түрде әлі де жоғары. Англия банкі күн салқындағанда жылу мен жарықтың бағасы өсіп, жылдың екінші жартысында инфляция қайта күшейеді дейді.

«Соңғы айларда Ұлыбритания экономикасы күшейе түсті. Оған тек қуануға болады. Бірақ пайыздық мөлшерлемелерді тым қатты немесе тым жылдам төмендетсек, инфляцияның қайта қозып кетуі мүмкін. Қазір қымбатшылық бәрібір сезіліп тұр», — дейді Англия банкінің басқарушысы Эндрю Бейли. 

Лейбористер 4 шілдеде өткен сайлаудағы сенімді жеңісінен кейін әлемдегі алтыншы ірі экономиканы басқару құқығына ие болды. Олар билікте отырған алғашқы үш аптаның ішінде бұрынғы басшыларды жамандап, мемлекеттік саясаттың барлық дерлік салаларында біз күткеннен де нашар екен деп айтумен келеді.