«Жағдай жақсарғанға дейін біраз әбігерге түсеміз», деп мәлімдеді Кир Стармер. Үкімет басшысы қазан айындағы жаңа бюджетті қабылдау қиынға соғатынын, бірақ басқа таңдау жоқтығын ескертті. Консерваторлар болса, саясаткерді «Ешқашан орындағысы келмеген уәделерінен халықтың назарын басқа жаққа аударып отыр» деп айыптады.
Кездесу Даунинг стриттегі бақта өтті. Дәл осы жерде бұрынғы үкімет басшысы Борис Джонсон карантин кезінде сауық кештерін өткізіп, қызметінен айырылғаны белгілі. Кир Стармер символизмді түсініп, премьер-министр ретіндегі алғашқы сөзін осында сөйледі. Саясаткер экономиканы ғана емес, қоғамды да құрдымға жіберуге аз қалды деп консерваторларды айыптап, ұлттың терең проблемалары туралы тебіренді.
Басқа партиялардың өкілдері де Лейбористерді сынға алды. Елдегі жағдай үшін Тори үкіметі ғана емес Кир Стармер басқарған партия да кінәлі және оны мойындауы керек деп мәлімдеді. Сарапшылар болса, қос партияны да сайлау кезінде ақ сөйлемеді деп айыптады.
«Партиялар шындықты айтқысы келмеді. Олар салықты көбейту, шығындарды азайту немесе қаржылық ережелерді өзгерту керектігі туралы алдын ала білді. Сайлау аяқталғанға дейін олардың ешқайсысы бұл туралы жақ ашпады», - дейді Қаржылық зерттеулер институтының директоры Пол Джонсон.
Лейбористер үкіметі өзінің алғашқы бюджетін таныстыруды жоспарлап отыр. Британ халқының экономикалық қайта құрудың қиын кезеңдеріне дайын болудан басқа амалы жоқ. Премьер-министр ауыр, бірақ қажетті шешімдер алдында шыдамды болуға шақырып әлек.
Қаржы министрі бұған дейін мұрагерлік және байлық салығын көтеріп, зейнетақы жеңілдіктері саласындағы реформаларды қолға алатынын жоққа шығармаған еді. Бұған қоса үкімет қыс мезгілінде әлеуметтік қамсыздандыру төлемдері мен жылуға берілетін жәрдемақылардың қысқарғанын жариялап, халықтың алаңдаушылығын тудырды.