— Халықаралық тұрақсыздық кезеңінде үкімет ел ішіндегі халық үшін ең маңызды мәселелерге назар аударады: қазірдің өзінде өмір сүру құнын төмендету және болашақтағы күйзелістерге елдің дайындығын күшейту, — делінген Ұлыбритания үкіметі басшысының кеңсесі таратқан мәлімдемеде.
Ең маңызды өзгеріс — балаларға берілетін жәрдемақыға қойылған шектеулерді алып тастау. 2017 жылдан бері мемлекеттік көмек тек алғашқы екі балаға беріліп келген, бұл мәселе бойынша пікірталастар көп жылдар бойы жалғасқан. Үкіметтің мәліметінше, бұл шара 450 мың баланы кедейліктен шығаруға мүмкіндік береді.
Басқа шаралар зейнеткерлердің өсіп жатқан шығындарын жабу және жұмысшылардың құқықтарын кеңейту үшін қосымша қолдауға қатысты.
Ирандағы соғыс кезінде Ұлыбританияда наурыз айында бензиннің орташа бағасы 0,2 фунт стерлингке ($0,3) өсіп, литріне 1,53 фунт стерлингке ($2,02) жетті. Бұл статистика жүргізілген уақыттағы ең жоғары айлық өсім болды. Ал дизель отынының бағасы одан да айтарлықтай өсіп, 0,4 фунт стерлингке ($0,5) қымбаттап, литріне 1,83 фунт стерлинг ($2,41) болды. Мұнай мен газ бағасының күрт өсуіне байланысты электр энергиясы, азық-түлік бағасы, ипотекалық несиені қоса алғанда, пайыздық мөлшерлемелер да артады деген болжам бар.
Осыған дейін Италия министрі ЕО-ға жанармай бағасының өсуіне қарсы шаралар қабылдауды ұсынғаны туралы жазғанбыз.