Ұлыбритания көп жылдық дау-дамайдан кейін Чагос аралдарын Маврикийге береді

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбритания Үнді мұхитындағы шалғай, бірақ стратегиялық маңызды Чагос аралдарының егемендігінен бас тартып, оларды Маврикийге беретінін жариялады, деп хабарлайды BBC News. 

Фото: Alamy

Лондонның шешімі Ұлыбритания мен Маврикий арасындағы архипелаг бойынша ондаған жылдарға созылған шиеленісті келіссөздерді аяқтады. 

Чагос аралдарына АҚШ Әскери-теңіз күштерінің кемелері мен ұзақ қашықтыққа ұшатын бомбалаушы ұшақтар үшін әскери база ретінде пайдаланатын тропикалық Диего Гарсиа атолы кіреді. Атап айтқанда, бұл базаны америкалық авиация Ауғанстан мен Иракқа жасаған шабуылдар кезінде пайдаланған.

Жаңа келісім шарттарына сәйкес, Ұлыбритания Маврикийден Диего-Гарсияны кем дегенде 99 жыл мерзімге жалға алып, бұл Құрама Штаттарға сол жерде әскери базасын сақтап қалуға мүмкіндік береді. 

Әскери базаны сақтау – Батыс елдері, Үндістан мен Қытай арасындағы аймақтағы геосаяси бәсекелестіктің күшеюінің негізгі факторы. 

Ұлыбритания мен Маврикий көшбасшылары «аймақтық және жаһандық қауіпсіздікте маңызды рөл атқаратын Диего-Гарсиядағы қолданыстағы базаның ұзақ мерзімді, қауіпсіз және тиімді жұмысын қамтамасыз етуге» дайын екенін мәлімдеді. 

АҚШ «тарихи» келісімді құптады.

«Бұл дипломатия мен серіктестік арқылы елдер ұзаққа созылған тарихи сын-қатерлерді еңсеріп, бейбіт және өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізе алатынының айқын көрінісі», - деді АҚШ президенті Байден. 

Келісім әлі де пысықтауға жатады, бірақ тараптар оны мүмкіндігінше тезірек аяқтауға уәде беруде.