Ұлыбритания мемлекеттік қызметінің басшысы лауазымына алғаш рет әйел сайланды

Фото: Gov.uk

АСТАНА. KAZINFORM — Антония Ромео 110 жылдық тарихы бар министрлер кабинетінің хатшысы лауазымына алғаш рет тағайындалған әйел болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Антония Ромеоны министрлер кабинетінің хатшысы лауазымына және бір мезгілде мемлекеттік қызмет басшысы етіп тағайындады.

Стармер оны британ халқына қызмет ету саласында 25 жылдық тәжірибесі бар, көрнекті мемлекеттік қызметші деп сипаттады.

— Мен премьер-министр болғаннан бері оның кәсібилігі мен нәтижеге жетуге деген табандылығына тәнті болдым. Елдегі отбасылар әлі де қаржылық қысымға ұшырап отыр, ал бұл үкімет өмір сүру құнын төмендетуге, мемлекеттік қызметтерді нығайтуға және қауымдастықтарымызға деген мақтаныш сезімін қалпына келтіруге бағытталған. Үкіметтің осы мақсаттарға жетуіне қолдау көрсететін кабинет хатшысы болуы өте маңызды, — деді ол.

Өз кезегінде Ромео мемлекеттік азаматтық қызметтің маңызды екенін атап өтті және оның жұмысы үкіметтің тапсырмаларын тиімді және нәтижелі орындауға негізделуі тиіс екенін жеткізді.

— Мемлекеттік азаматтық қызмет — ұлы және ерекше институт, мен оған үлкен құрметпен қараймын. Бізді нәтижелілігіміз, тиімділігіміз және инновациялық қадамдарымыз бойынша, үкіметтің күн тәртібіндегі мәселелерді орындауымыз бен ел алдындағы міндеттерді шешуіміз арқылы бағалау керек, — деді ол.

Ромео соңғы 10 жыл ішінде бірнеше маңызды министрлікте тұрақты хатшы қызметін атқарды: Сауда және бизнес министрлігі, Әділет министрлігі және Ішкі істер министрлігі. Бұл министрліктер Ұлыбритания үкіметіндегі ең күрделі ведомстволардың бірі болып саналады.

Айта кетейік, мемлекеттік қызмет басшысы шамамен 500 мың қызметкерді басқарады. Олар салық, әлеуметтік және зейнетақы жүйесі, сондай-ақ мемлекеттік саясатты жүзеге асырумен айналысады.

Министрлер кабинетінің хатшысы лауазымы 1916 жылы құрылды. Ол премьер-министрдің негізгі саяси кеңесшісі болып есептеледі. Сондай-ақ, үкімет жұмысын үйлестіреді және министрлер алдында кабинет қызметінің дұрыс жұмыс істеуі үшін жауап береді.

Еске сала кетейік, бұған дейін өткен жылдың қарашасына дейін Принц Эндрю титулын иеленген Эндрю Маунтбеттен-Виндзор қызметтік өкілеттілікті теріс пайдалану күдігі бойынша тұтқындалған болатын.