Ұлыбритания Paramount Skydance-тың Warner Bros. Discovery-ді сатып алуына рұқсат берді

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияның бәсекелестік және нарықтар жөніндегі басқармасы (CMA) америкалық Paramount Skydance Corporation компаниясының Warner Bros. Discovery корпорациясын сатып алу туралы мәмілесін мақұлдады, деп хабарлайды Анадолы .

Фото: Анадолы

CMA мәліметінше, реттеуші Paramount Skydance компаниясының Warner Bros. Discovery-ді сатып алуына рұқсат берген. Мұндай шешім Paramount компаниясы Ұлыбритания үкіметіне заңды күші бар міндеттемелерді ұсынғаннан кейін қабылданды.

Британдық БАҚ-тың хабарлауынша, бұл міндеттемелердің қатарында Ұлыбритания экономикасына инвестиция салу да бар. Мәміленің болжамды құны — 110 млрд доллар.

Еске салайық, сәуір айында мыңнан астам актер, режиссер және сценарист Paramount Skydance және Warner Bros. Discovery компанияларының бірігуіне наразылық білдіріп, киноиндустриядағы бәсекелестік пен жұмысқа орналасу қаупін алға тартып, ашық хатқа қол қойған болатын.

Бұған дейін Paramount Skydance Warner Bros. Discovery (WBD) компаниясымен бірігу туралы нақты келісімге келді. Мәмілені екі компанияның директорлар кеңесі бірауыздан мақұлдаған еді.