Ол жаңа басшы сайланғанға дейін Үкімет басшысы міндетін атқара беретінін, ал ізбасарды таңдау рәсімі шілде айында басталатынын айтты.
Даунинг-стриттегі №10 резиденция алдында сөйлеген сөзінде Стармер эмоциясын әрең тежеді. Ол партияның шешімін қарсылықсыз қабылдайтынын айтып, мұндай қадамға бару себептерін түсіндірді.
– Мен қабылдаған әрбір шешім өзім сүйетін елдің мүддесін бірінші орынға қоюға бағытталды. Сондықтан мен Лейбористер партиясының жетекшісі қызметінен кетемін, – деді ол.
Сөзінің соңында Стармер отбасына көбірек уақыт бөлгісі келетінін айтты.
– Елдегі ең маңызды қызметтен кеткеннен кейін мен өзім үшін ең маңызды рөлге көбірек уақыт бөле аламын. Ол – тамаша жұбайым Вики үшін жақсы күйеу және керемет балаларым үшін жақсы әке болу. Олар – менің мақтанышым әрі қуанышым, – деді Стармер.
Саяси бетбұрыс Үлкен Манчестердің бұрынғы мэрі Энди Бернхэм Мейкерфилд округіндегі маңызды қосымша сайлауда жеңіске жеткеннен кейін сөзсіз бола түсті. Ол Қауымдар палатасынан орын алып, Стармердің орнына келуі ықтимал басты үміткер ретіндегі позициясын нығайтты.
Отставка туралы хабар саяси спектрдің екі жағынан да жедел реакция тудырды. Reform UK партиясының жетекшісі Найджел Фарадж кезектен тыс жалпыұлттық сайлау өткізуді талап етіп, қоғамның жабық келіссөздер арқылы алға шығарылған кезекті «кәсіби саясаткерді» қабылдамайтынын мәлімдеді.
Өз кезегінде Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен Стармердің мемлекеттік қайраткер ретіндегі ұстанымын жоғары бағалап, оның билікте болған екі жыл ішінде Еуропа мен Украинаның қауіпсіздігін нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.
Алдағы билік ауысуы Ұлыбританияның он жыл ішінде жетінші премьер-министрін қабылдауға дайындалып жатқанын білдіреді. Бұл Вестминстердегі бұрын-соңды болмаған саяси тұрақсыздықтың көрсеткіші саналады.
Еске сала кетсек, осыдан оншақты күн бұрын ғана Ким Стармер мен Санаэ Такаитидің Ұлыбритания мен Жапония арасындағы 24 млрд доллар болатын инвестициялар туралы келісімге қол қойғанын жаздық.