Ұлыбритания Сирияның күштік құрылымдарына салынған санкцияларды алып тастады
АСТАНА. KAZINFORM — Лондонда бұл қадам аймақтағы тұрақтылықты нығайтуға және «сириялық босқындардың оралуын ынталандыруға» септігін тигізеді деп мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Бейсенбі күні Ұлыбритания Сирия Қорғаныс және Ішкі істер министрліктеріне, сондай-ақ бірқатар барлау қызметтеріне қатысты активтерді бұғаттау шараларын алып тастады. Бұл санкциялар Башар Асадтың билігі кезінде енгізілген болатын.
Ұлыбритания Қаржы министрлігі жариялаған хабарламада Сирияның Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі және Бас барлау басқармасы енді активтерді бұғаттау тізімінен шығарылған 12 ұйымның қатарына кіретіні көрсетілген.
Қара тізімнен шығарудың нақты себептері хабарламада көрсетілмеген.
Сондай-ақ санкциялар Сирияның мемлекеттік телерадио компаниясы - ORTAS пен тағы бірнеше БАҚ-қа қатысты да алынып тасталған.
— Бұл шаралар Асад билігі құлағаннан кейін Сирияның экономикалық қалпына келуіне қолдау көрсетеді, — деді бейсенбі күні Ұлыбритания премьер-министрі Киер Стармердің ресми өкілі.
Оның айтуынша, жұма күні күшіне енетін бұл шешімдер «аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және сириялық босқындардың отанына қайтуына ықпал етуге бағытталған».
Биыл наурыз айында Ұлыбритания үкіметі Сирияның Орталық банкінің және 23 ұйымның, оның ішінде банктер мен мұнай компанияларының активтерін бұғаттаудан босатқан еді.
Бұған дейін британ үкіметі Башар Асад режимінің мүшелеріне қатысты санкциялар күшінде қала беретінін мәлімдеген.
Айта кетейік, Ресей Башар Асадты Сирияға экстрадициялаудан бас тартты.
АҚШ Сириядағы әскер санын қысқартады.