Ұлыбритания Сыртқы істер министрі: Ормуз бұғазын бұғаттау қателік

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Ламми Тегеранды Ормуз бұғазы мәселесі бойынша келіссөздер үстеліне қайта оралуға шақырды, деп хабарлайды Анадолы

BBC Radio 4 арнасындағы таңғы «Today» бағдарламасында сөйлеген сөзінде Ламми АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына жасаған соққыларына қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, Иранның жауап әрекеті — аймақтағы америкалық базаларға шабуыл жасау немесе Ормуз бұғазындағы маңызды көлік дәлізін жабу «апаттық қателік» болмақ.

— Қазір АҚШ-тың аймақтағы әскери базаларына шабуыл жасау орасан зор, орны толмас қателік. Біздің әскерилер де сол жерде орналасқан. Бұл апатқа әкеліп соғуы мүмкін. Ормуз бұғазын жабу да үлкен қателік, — деп атап өтті министр.

Ламми Иран сыртқы істер министрі Аббас Эракчиге Иран басшылығына ядролық бағдарламасына қатысты ұсынылған дағдарыстан шығу жолына байыппен қарау жөніндегі талапты жеткізуін өтінгенін айтты.

— Олар өздеріне ұсынылған дағдарыстан шығу жолына енді байыппен қарауы керек, — деді Ламми.

АҚШ соққылары Иранның ядролық бағдарламасын бірнеше жылға кейін шегеруі мүмкін

Министрдің айтуынша, Батыс одақтастары АҚШ соққыларының салдарын әлі де зерттеп жатыр, алайда Иранда байытылған уран қоры әлі де қалуы мүмкін деген болжам бар. Соған қарамастан, Ламмидің бағалауынша, АҚШ-тың әрекеті Иранның ядролық бағдарламасын «бірнеше жылға артқа шегеруі» ықтимал.

Әуе соққыларының құқықтық заңдылығына қатысты сұраққа Ламми жауап беруден бас тартып, бұл мәселе Вашингтонның құзырында екенін айтты.

— Иран тарапында деэскалация жолына түсу мүмкіндігі әлі де бар, — деді министр.

Сондай-ақ ол өткен аптада Женевада Иран мен Еуропаның «үштігі» (Франция, Германия, Ұлыбритания) арасында өткен келіссөздердің «өте күрделі» болғанын еске салды.

— Барлығы Тегеранды ЕО және АҚШ-пен жүргізілетін келіссөздерге байыппен қарауға шақырып отыр, — деп қорытындылады Ламми.

Айта кетелік ірі мұнай танкерлері Ормуз бұғазын айналып өту үшін бағытын өзгертіп жатқаны туралы жазған едік.