Ұлыбритания Трампты қалай қарсы алмақ

Фото: whitehouse.gov

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбритания тарихында алғаш рет шетелдік көшбасшы екінші мәрте мемлекеттік сапармен келуге шақырту алып отыр.

Сапар бағдарламасы 

Ұлыбританияға мемлекеттік сапар — бұл шетелдік көшбасшыны протоколдық қабылдаудың ең жоғары деңгейдегі рәсімі. Ол екіжақты қарым-қатынастардың тереңдігін көрсететін, ал дайындық бірнеше айға созылатын мұқият ұйымдастырылған салтанатты шаралар жиынтығы.

Трамп пен оның жұбайы Мелания Лондонға сейсенбі күні кешке келеді. Сәрсенбі күні таңертең оларды Виндзор қамалында күтеді. АҚШ президентін корольді құрметтегендей қарсы алады: зеңбіректен дүркін-дүркін оқ атылып, гвардия қарауылы сап түзейді, көптеген ту тігіліп, оркестр мен волынкашылар өнер көрсетеді, жойғыш ұшақтар ұшып өтіп, салтанатты түскі ас пен кешкі банкет ұйымдастырылады.

Ұлыбритания ең ірі сауда әріптесі саналатын мемлекеттің басшысын ерекше қонақжайлылықпен қарсы алуға дайындалып жатыр. Ұлыбритания сауда-саттығының шамамен 18 пайызы АҚШ-қа тиесілі.

Сапар аясында Виндзор қамалына экскурсия ерекше орын алмақ. Онда АҚШ тарихымен байланысты корольдік коллекцияның жауһарлары көрсетіледі. Сондай-ақ ерлі-зайыптылар Әулие Георгий шіркеуіне барып, шіркеу хорын тыңдайды.

Фото: x.com/@RCT

Бейсенбі күні Трамп Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен келіссөздер өткізеді. Бірақ, Ұлыбритания үкіметінің басшысы алдымен оған қала сыртындағы Чекерс резиденциясында экскурсия ұйымдастырып, Уинстон Черчилльдің мұрағаттарын көрсетеді. Ал екі жақты консультациядан кейін көшбасшылар іскерлік қабылдауға қатысады.

Трамп өзімен бірге ірі кәсіпкерлер делегациясын алып келеді. Олардың қатарында Nvidia компаниясының басшысы Дженсен Хуанг, OpenAI басшысы Сэм Альтман, Apple компаниясының бас директоры Тим Кук, BlackRock төрағасы Ларри Финк және Blackstone басшысы Стивен Шварцман бар.

Болжам мен шындық

- Екі ел көшбасшылары соңғы айларда қалыптастырған белсенді технологиялық және экономикалық күн тәртібі алдыңғы орынға шығады. Газа немесе Украина мәселелері бойынша елеулі дипломатиялық серпіліс күту орынсыздау болар, - дейді Корольдік халықаралық қатынастар институты АҚШ және Солтүстік Америка бағдарламасының директоры Лорел Рэпп.

Сапардың басты нәтижесі АҚШ пен Ұлыбританияның ауқымды технологиялық серіктестік туралы жариялауы болуы ықтимал. Ол жасанды интеллект, кванттық есептеулер және сирек кездесетін мәселесіне қатысты ортақ ұстаным қалыптастыруды көздейді. Сондай-ақ, атом энергетикасы саласы бойынша да келісім әзірленіп жатыр. Құжат жаңа инвестициялар мен атом стансаларын бірлесіп әзірлеуді қарастырады.

Фото: ua.depositphotos.com

Осы жылдың мамырында Ұлыбритания Трамп енгізген баж салығынан кейін АҚШ-пен сауда келісімін жасаған алғашқы ел болды. Бұл қиындыққа тап болған британ экономикасы үшін маңызды жеңіс саналады. Алайда, ел АҚШ-пен бұрынғыға қарағанда әлі де қолайсыз жағдайда сауда жасасып отыр.

Бұған қоса, «Экономикалық өркендеу туралы келісім» деп аталатын құжаттың заңды түрде міндеттеу сипатына қарағанда саяси мәні басым. Қазіргі уақытта бұл келісім аясында британ көліктеріне салынатын тариф 25 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетілді. Бірақ 100 мың көлікке квота енгізілді. Ал аэроғарыш өнімдеріне салынатын баж салығы нөлге түсірілді. Ал Лондон болса америкалық сиыр еті мен этанолға салынатын 20 пайыз импорттық баж салығын алып тастады.

Енді Стармер АҚШ президентімен жүзбе-жүз тілдесу барысында британдық болат, алюминий, фармацевтикалық өнімдер және шотланд вискиіне салынатын америкалық тарифтерді төмендетуге тырысуы мүмкін. Бұл салалар бойынша енгізілген баж салығы британдық өндірушілерге миллиондаған фунт стерлинг шығын келтіріп отыр.

8 мамырда Трамп АҚШ пен Ұлыбритания жаңа сауда келісімін жасасқанын жариялаған еді. Алайда сол кезде болат тарифтері мәселесі ашық қалған-ды. 26 маусымда Лондон болат өнімдерін стратегиялық маңызды ресурстар тізіміне енгізуді жоспарлап отырғаны белгілі болды.

Қытай мен Ресей күн тәртібінде

Лондонның Бейжіңмен қарым-қатынасы келіссөздердің тағы бір маңызды тақырыбына айналмақ. Бұрынғы консервативті премьер-министрлер Борис Джонсон, Риши Сунак және Лиз Трасс тұсында Қытаймен саяси байланыстар едәуір нашарлап кеткен еді. Дегенмен, Дэвид Кэмерон британдық саясаттың тұтқасын ұстап тұрған 2010-2016 жылдары бұл қатынастарды британ-қытай қатынастарының «алтын дәуірі» деп атаған болатын.

2024 жылы шілдеде билікке келген Лейбористер партиясы бұл бағытты кері бұруға талпыныс жасап жатыр. Өткен жылдың қарашасында Бразилияда өткен Стармер мен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің кездесуі Жаңа кезеңнің символына айналды. Содан бері Лондон мен Бейжің бір-біріне қарай сақтықпен жақындай бастады.

Қытаймен ынтымақтастықты жаңғырту британ экономикасына қосымша 1 миллиард фунт стерлинг әкелуі мүмкін. Ал бес жылда ел жалпы құны 600 миллион фунт болатын мәмілелерге қол жеткізуді көздейді. Бұл жағдай Қытайды тежеу саясатын ұстанатын Трампқа ұнай қоюы күмән тудырады.

Украинадағы жағдай да назар тыс қалмақ емес. Әзірше Трамптың Владимир Путинмен Аляскадағы кездесуінен кейін де, оның Ақ үйдегі Владимир Зеленскиймен және еуропалық көшбасшылармен келіссөздерінен кейін де айта қоярлықтай ілгерілеушілік байқалмайды.

Өткен демалыс күні Трамп НАТО-ға мүше барлық ел ресейлік мұнайды сатып алуын тоқтатқан жағдайда ғана Ресейге қарсы «ауыр» санкциялар енгізетіндігін мәлімдеген болаты.

Президент Трамптың бейбітшілікті мүмкіндігінше тез орнатуға ұмтылуы аясында, Стармер өзінің еуропалық одақтастарының көзқарасын қолдайды. Олар ең бірінші кезекте Киевке берік және сенімді кепілдіктер ұсынуға басымдық береді.

Екі көшбасшы бір шыныаяқ ағылшын шайы үстінде сауда саласындағы өте сезімтал мәселелер бойынша ортақ тіл табысып, XXI ғасырдың ең озық технологиялары бойынша бірыңғай стандарттардың негізін қалау жолын таба ала ма, әлде АҚШ өз жолымен жүруді жөн көре ме? Бұған жауапты осы аптада білеміз. Қалай болғанда да, Лондон Трампқа корольдік сән-салтанат зор әсер қалдырады және айрықша екі жақты қатынастарды тереңдетуге негіз болады деп үміттеніп отыр.

Осыған дейін АҚШ пен Ұлыбритания болат тарифтері бойынша келіссөздерді қайта бастағаны туралы жаздық.