Елдің бірқатар өңірінде бір айдан астам уақыт бойы жаңбыр жаумаған. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы дақылдарының, әсіресе бидайдың өсуі баяулаған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бидай алқаптарындағы өсімдіктің биіктігі осы кезеңге тән қалыпты деңгейдің небәрі жартысына ғана жеткен.
Англияда шілде айында небәрі 5,6 миллиметр жауын-шашын түскен. Бұл 1911 жылы тіркелген 13,4 миллиметрлік ең төменгі рекордтық көрсеткіштен де екі еседен аз.
Қазір фермерлер егіннің кем дегенде бір бөлігін сақтап қалуға күш салып жатыр. Ұлттық фермерлер одағының президенті Том Брэдшоу билікті шұғыл шаралар қабылдауға шақырып, фермерлерге су қоймаларын салуға мүмкіндік беру үшін салықтық жеңілдіктер қарастыруды ұсынды.
— Біз азық-түлікпен қамтамасыз етуді тым ұзақ уақыт бойы қалыпты жағдай ретінде қабылдап келдік. Енді елде азық-түлік тапшылығының туындауына қатысты алаңдаушылық күшейіп отыр, — деді Том Брэдшоу.
Аптап ыстық сүт өндірісімен айналысатын шаруашылықтарға да кері әсерін тигізіп отыр. Дорсет өңірінің фермері Софи Грегоридің айтуынша, маусым айында тіркелген рекордтық жоғары температура кезінде сиырларды ыстықтан қорғау үлкен қиындық тудырған. Ыстық ауа райында малдың азық тұтынуы азайып, соның салдарынан сүт өнімділігі де төмендейді.
Оның айтуынша, климаттың өзгеруі ауыл шаруашылығымен айналысуды жылдан-жылға күрделендіріп барады.
Бұған дейін Германия аптап ыстыққа байланысты суды үнемдей бастағанын жаздық.