Ұлыбританияда жүктілігін өз бетінше тоқтатқаны үшін сотталған немесе осы әрекеті үшін жауапқа тартылған әйелдерге автоматты түрде кешірім жасау туралы заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Сондай-ақ оларға қатысты қамауға алу деректері, полиция тергеулері мен қылмыстық істер туралы мәліметтер тиісті дерекқорлардан өшіріледі. Бұл туралы Ұлыбританияның Әділет министрлігі хабарлады.
Жаңа нормалар елде бұған дейін қабылданған Қылмыс және қоғамдық тәртіпті қорғау туралы заң аясында 16 қарашада күшіне енді. Өзгерістер жүктілікті дәрі-дәрмек арқылы тоқтатудың елде белгіленген 24 апталық мерзімінен асып кеткен жағдайларына да қатысты.
Жаңа ережелер бойынша әйелдерге бірден кешірім жасалады. Ол үшін өтініш берудің немесе мемлекеттік органдарға жүгінудің қажеті жоқ. Полиция мен соттар тиісті деректерді өз бетінше жаңартады.
Бұл ретте реформа 1967 жылғы түсік жасату туралы заңның күшін жоймайды. Аталған заң жүктілікті медициналық жолмен тоқтату қызметтеріне қол жеткізу тәртібін реттеуді жалғастырады. Заң талаптарын бұзған медицина қызметкерлері мен басқа да тұлғаларға қылмыстық жауапкершілік сақталады. Алайда әйелдер енді өз жүктілігін тоқтатуға байланысты әрекеттері үшін қылмыстық қудалауға ұшырамайды.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ Жоғарғы Соты түсік жасатуға арналған дәріні пошта және дәріханалар арқылы алуға қайта рұқсат бергенін хабарлаған едік.