Forecourt Eye компаниясының мәліметінше, Таяу Шығыстағы қақтығыс ушыға бастағаннан бері Ұлыбританиядағы жанармай құю бекеттерінен жанармай ұрлау деректері 20%-ға артқан.
Мамандардың бағалауынша, ұрланған жанармайдың құны алдыңғы бес аймен салыстырғанда 48%-ға өсіп, тәулігіне орта есеппен 194 мың фунт стерлингке жеткен. Ал ұрланған жанармай көлемі 24%-ға артып, күніне 108,9 мың литр.
Талдау 550 жанармай құю бекетінің деректеріне негізделіп, ел бойынша 8,3 мыңнан астам бекеттің көрсеткіштерімен салыстырылған.
Сала өкілдері құқық бұзушыларды анықтау үшін бет-әлпетті тану жүйесін кеңінен енгізуді жоспарлап отыр. Күзден бастап 2 мыңнан астам жанармай құю бекетінің иесі қылмыстарды тіркеу жүйесіне тегін қол жеткізеді.
Сарапшылар ұрлықтың көбеюін Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан мұнай жеткізілімдерінің бұзылып, жанармай бағасының қымбаттауымен байланыстырады.
Бензин бағасы сәуір айында ең жоғары деңгейге жетіп, маусымда АҚШ пен Иран қақтығысты тоқтату жөніндегі негіздемелік келісімге келгеннен кейін төмендей бастаған еді. Алайда бейбіт келіссөздер сәтсіз аяқталған соң жанармай бағасы қайтадан өсті.
Өткен аптада Ұлыбританияда бензин бағасы Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғалы бергі ең жоғары деңгейге және 2022 жылдан бергі рекордтық көрсеткішке жетті.
Демалыс күндері Ұлыбританияның жаңа қаржы министрі Джон Хили үкімет бөлшек саудагерлердің бағаны негізсіз көтеру жағдайларын мұқият қадағалайтынын мәлімдеді.
Бұған дейін Қытайда бензин мен дизель отынының бағасы көтерілетіні хабарланған болатын.
Сондай-ақ Қазақстаннан жанармайды заңсыз шығарудың 392 дерегі анықталған еді.