Ұлыбританияда бірнеше ондаған тұтқын қателесіп босатылған

Фото: Alamy

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбритания Батыс Еуропадағы ең көп тұтқын саны бар елдердің көшін бастап тұр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Англия мен Уэльстегі түрмелерде орын тапшылығымен күресу үшін Ұлыбритания үкіметі іске қосқан мерзімінен бұрын босату бағдарламасы аясында шамамен 40-қа жуық тұтқын қателесіп босатылған.

Қыркүйек айында осы жаңа жүйе бойынша 1750-ге жуық адам бостандыққа шыққан. Жаңа ережеге сәйкес, енді сотталғандар жазасының бұрынғы 50% емес, 40%-ын өтегеннен кейін босатылады. Бұл өзгеріс туралы үкімет 2025 жылғы шілде айында хабарлаған болатын.

Алайда, бағдарламаны жүзеге асыру барысында 37 тұтқынның заңсыз түрде босатылғаны анықталды. Олардың көпшілігі қайтадан түрмеге қайтарылды, бірақ бесеуі әлі бостандықта. Белгілі болғандай, қателесіп босатылғандардың бірі қайтадан сексуалдық сипаттағы қылмыс жасап, қайта ұсталған.

World Prison Brief деректер базасына сүйенсек, өткен жылы Ұлыбританияда 97 мыңнан астам адам қамауда отырған. Бұл көрсеткіш Франциямен салыстырғанда 22%-ға, Италиямен — 37%-ға, Германиямен — 42%-ға, ал Испаниямен салыстырғанда шамамен екі есе көп.

Алдағы уақытта мерзімінен бұрын босату бағдарламасы аясында тағы бірнеше мың тұтқынның бостандыққа шығуы жоспарланып отыр. Бұл — апта сайын стандартты тәртіппен босатылатын 1 мың адамға қосымша, деп хабарлайды Sky News.

Айта кетейік, Ұлыбританияда қылмыстық-атқару жүйесін реформалау жүріп жатыр. Реформаның мақсаты — қысқа мерзімді жазаға кесілгендер санын азайту және бостандықта жүрген сотталғандарға қатысты бақылауды күшейту.

Бұл өзгерістер түрмелердегі орын тапшылығының ушығуына жауап ретінде қолға алынған. Қазір жаңа түрмелер салынып жатыр, нәтижесінде қосымша 14 мың орын құрылмақ, оның 2,5 мыңы қазірдің өзінде пайдалануға берілген. Алайда, инфрақұрылымды көбейту жеткіліксіз, сондықтан билік реформа жүргізілмесе, ел түрме дағдарысына, сот процестерінің кешігуіне және полицияның қамауға алудан бас тартуына тап болуы мүмкін деп алаңдаулы.

Бұдан бұрын Ұлыбританияда электронды жеке куәлік енгізілетіні айтылды.