Ұлыбританияда электронды жеке куәлік енгізіледі

Фото: Labour Together

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер жұма күні елдің барлық ересек тұрғыны үшін міндетті электронды жеке куәлікті енгізу жоспарын жариялауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ВВС. 

Премьер Стармер мұндай міндетті жеке куәлік жұмысқа заңсыз орналасу және сәйкесінше заңсыз көші-қонмен күресуге көмектеседі деп үміттенеді. Үкімет сонымен қатар электронды жеке куәлікті жұмысқа орналасу мен баспана алудың міндетті талабы және адамның Ұлыбританияда тұру және жұмыс істеу құқығын тексеру құралына айналдыруды көздеп отыр.

Қазіргі уақытта Ұлыбритания тұрғынының жеке басы мен мәртебесі физикалық құжаттар — төлқұжат, жүргізуші куәлігі және шетелдік жеке куәлік карточкасы арқылы тексеріліп жүр. Дегенмен, ерекше жағдайлар да бар: мысалы, Ұлыбританияда брекситке дейін тұрған Еуроодақ елдерінің азаматтары тұруға ықтиярхатты ел ЕО-дан нақты шыққаннан кейін EU Settlement Scheme онлайн жүйесі арқылы тек электронды түрде алды.

Жаңа электрондық жеке куәліктің түрі қандай және қандай функциялары бар болатынын кең қоғамдық пікірталас қорытындылары арқылы шешу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, парламент тиісті заң қабылдауы керек.

Электрондық ІD идеясын ұсынып отырған Labour Together лейбористер талдау орталығының сайтында оны BritCard деп атау ұсынылды.

- BritCard – бұл пайдаланушының смартфонына жүктелетін және оның иммиграциялық мәртебесін растау үшін пайдаланылатын сандық тексерілетін жеке деректер жиынтығы. Оны жұмыс берушілер мен баспананы жалға берушілер жүктеп алуға қолжетімді тегін қосымша арқылы дереу тексеруге болады, - делінген Labor Together қосымшаларында.

Ұсыныс авторларының айтуынша, кейінірек электронды жеке куәлікке жүргізуші куәлігі, денсаулық сақтау жүйесіне қолжетімділік және т.б. функцияларды қосуға болады.